Исламда спортпен айналысуға бола ма?

9423
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы кейбір спорт түрін харам деп, мұсылмандарды бұдан аулақ болуға шақыратын жандардың қатары көбейіп келе жатыр. Соның салдарынан мансабын аяқтаған спортшылардың қатары да аз емес. Исламда спортпен айналысуға бола ма? Радикалдардың спортқа келтіріп жатқан зияны қандай? Зерделеп көрелік.

Дінтанушы Арман Қуатбайұлының айтуынша, ислам діні спортқа ерекше назар аударуға шақырады.

«Исламда спортпен айналысуға тыйым салынбаған. Керісінше Мұхаммед пайғамбар спорттың бірқатар түрімен өзі де шұғылданып, өзгелерді де соған баулыған. Олардың арасында күрес, садақ ату, ат жарыс, жүзу сынды спорт түрлері бар. Имам Ибн әл-Қайим: «Атқа міну, садақ ату, күрес пен жүгіру – созылмалы аурулардың бірден-бір  дауасы»,—дейді. Бұл сөз спорттың денсаулығымызға тек оң септігін тигізетінін дәлелдейді. Бұдан бөлек, салауатты өмір салтын ұстану көпшілікті жаман әдеттерден аулақ болуға баулитынын жақсы білесіздер. Ал ислам діні ішімдік, құмар ойыны, есірткі және жезөкшелік сияқты зиянды әдеттерге тыйым салатындығын ескере отырып, осындай зияндардан қорғайтын функциясы бар спорттық іс-әрекеттерді діни тұрғыдан мақұлдау керек екендігі қарастырылған. Ислам ер адамның мықты болғанын қалайды. Мықты мұсылман әлсіз мұсылманға қарағанда Аллаға сүйіктірек. Ал бұл тұрғыдан, сөзсіз, спорттың алар орны ерекше. Әйелдер мен қыз-келіншектерге де спортпен шұғылдану өте маңызды.»,—дейді маман.

Белгілі қоғам қайраткері, «Ұлттық ат спорты федерациясының» президенті Сәдібек Түгел деструктивті діни ағымдардың өкілдері ұлттық спортқа үлкен зиян келтіріп жатыр деген пікірде.

«Бүгінгі таңда сақалдары балақтарынан ұзын деструктивті діни ағым өкілдерінің ұлттық спортқа, жалпы қазақ руханиятына тигізіп отырған зұлымдықтары мен зияны орасан зор болып отыр. Өзімде олармен бетпе-бет келдім. 2008 жылы ұлы даламыздың атақты тұлпары Құлагерге елордамызда ескерткіш салуды өз қолыма алып, игі бастама көтердім. Сол кезде радикалдар «хайуанға ескерткіш тұрғызу дегеніңіз барып тұрған харам» деп шу шығарды. Шулап қойған жоқ, Құлагер ескерткішінің салынуына ашық қарсы шықты. Сонда маған осы жат пиғылдағы адамдарға төтеп беруге тура келді. Нәтижесінде оларға тойтарыс беріп, жеңіске қол жеткіздім. Спортты харам деп тастап кетіп жатқандар баршылық. Бұндай арбауға көбіне діни білімі жоқ жастар түсіп жатады»,—деп түсіндірді жазушы.

Ұлттық жекпе-жектен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бейбітжан Қобланов спортта бес парызын орындап жүрген әріптестерінің көп екенін айтты.

«Дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген тамаша сөз бар. Өзім осы спортта жүріп бес парызын орындап, бес уақыт намазын қаза етпейтін жігіттерді көзім көріп жүр. Сондықтан дін спортқа кедергі келтірмейді деп ойлаймын. Маған «ұлттық жекпе-жек харам, онымен айналаспау керек» деп жиі айтып жатады. Иә, расымен біздің спортымыз — адамға көп жарақат беретін спорт түрі. Исламда адам спорттың аталған түрімен басқаларды өлтіруге, не зақым жасауға қамданған болса, тыйым салынады. Ал біз біреуге қасақана зиян келтіруді құптамаймыз. Сол себепті бұл спорт түрін харам деп айта алмаймыз. Менің пікірімше, әр азамат Отанын, елін-жерін, отбасын қорғауы керек. Сол үшін спортпен айналысып, өзін мықты ер ретінде қалыптастырғаны жөн деп ойлаймын»,—деп сөзін қорытындылады ол.

Пікірлер