МАРАТ БӘЙДІЛДАҰЛЫ: Қазақстанға санкция қаупі зор, сондықтан ЕАЭО келісімін 3-5 жылға тоқтата тұрған жөн.

1392
Adyrna.kz Telegram
ҚАЗАҚСТАНҒА САНКЦИЯ ҚАУПІ ЗОР, сондықтан ЕАЭО келісім-шарт күшін 3-5 жылға тоқтата тұрған жөн.
Халықаралық OCCRP (Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы) жүргізген тергеу деректеріне қарағанда Алматы қаласы Жамақаев көшесі, 99 адресі бойынша тіркелген «Аспан арба» деген компания Нидерланды елінен жүздеген қытай дрондарын (ұшқышсыз ұшу аппараттарын) сатып алып Ресейге жөнелтіп отырады екен. Бұл дрондарды Ресей әскері Украинаға қарсы соғыста кеңінен пайдаланып жатқаны мәлім. Іс жүзінде бұл - мыңдаған мысалдың бірі ғана.
АҚШ пен Ұлыбритания билігі Украинаға қарсы басқыншылық соғыс жүргізіп жатқан Ресейге салынған санкцияларды айналып өтуіне көмектесіп жатқан Қазақстанды таяуда екінші кезекте салынатын санкциялар тізіміне іліктіріп жіберуі ықтимал. Бұл туралы өткенде АҚШ Қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг, АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Джим Брайен мырза да ескертіп кеткен. Ұлыбританияның санкциялар жөніндегі басқармасының директоры Дэвид Рид те айтудай-ақ айтты. Бірақ соған қарамастан Ресейдің ығына жығылып, басқыншы мемлекетке біліп істесе де білмей істесе де қол ұшын созып жатқандар баршылық.
Қазір Ресей Федерациясы қару-жарағын жетілдіруге қажетті тауарлар мен компоненттерді алу үшін экспорттық бақылау мен санкцияларды айналып өтетін түрлі айла-шарғыларды барынша көбейтіп бағуда. Осындай жалтарыс тәсілдерінің бірі Ресейге үшінші елдер арқылы тауар жеткізу. Солардың қатарында Қазақстанның жетекші орында көрінуі Қазақстан билігіне еш абырой әпермейді.
Еуразиялық экономикалық одақ та Қазақстанды қарқ қылып тұрған жоқ. Бұрынғысынша тұсау болып тұр. Автонарықта әлі күнге «Автопромға» тәуелдіміз. Ресей бұрынғысынша одақтың тапқан табысының 85 пайызын қақшып алып отыр.
«Қазақстанда экономикалық дамудың бұралаңдығы мен экономиканы басқарудың тиімсіздігі импорт саласында бізді ЕАЭО-ға тәуелді етіп қойды, – дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов. –Тұтастай алғанда Қазақстанның ЕАЭО құрамында болуы тиімсіз!». Айдан Кәріпжанов деген миллионер «Украина мен Ресей арасындағы әскери шиеленіс бір жағына шыққанша ЕАЭО қатысты келісім-шарттар жүйесін тоқтата тұрған жөн. Тұтастай алғанда Қазақстанның ЕАЭО-қа мүше болуы тиімсіз» дейді ашықтан ашық.
Енді міне Ресейдің Еуразиялық экономикалық одақ аясында барша тауарларды таңбалау туралы талабы қазақстандық бизнеске елеулі соққы болайын деп тұр. Маркировкалау арқылы ол өз өктемдігін нығайта түспек. Ресей енді ұйымға мүше бес елде таңба басылмаған киім-кешекті, аяқ киімдерді, өзге де өнімдерді сатуға тыйым салмақ.
Осындай қиыншылықтарға қосымша Қазақстанға санкциялар салынатын болса онда елімізде қолға алынып жатқан реформалар түгел тоқтайды деген сөз. Кері кетпейміз десек, онда Қазақстан дәл осы күндері батыл шешім қабылдауға тиіс. Біріншіден, төніп тұрған санкция қаупі мен екіншіден, экономикалық тиімсіздігі себепті Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтағы мүшелігін тоқтатқаны, ол мүмкін болмаған жағдайда келісім-шарт күшін 3-5 жылға тоқтата тұрғаны дұрыс болады!

 

 

Пікірлер