АЛТЫНБЕК ӘЛІБЕКҰЛЫ: Алаш идеясы діни идея ма? Елдос Тоқтарбай Алаш қайраткерлерін тек діни контексте қарастырғысы келетін сияқты.

1834
Adyrna.kz Telegram
АЛАШ идеясы діни идея ма???
Жақында TALIM KZ деп аталатын ютуб-арнаға алаштанушы, тарихшы, жазушы, Әлихан Бөкейхан атындағы ҒЗИ бөлім басшысы, «Қыр баласы» ҚҚ негізін салушы, 12 кітаптың авторы, 6 тіл білетін Eldos Alash-тың айтқан сөзі һәм уағызға ұқсайтын дәрісі шықты. Қателеспесем, дәріс Шымкенттегі діни топтың арасында өткен сияқты. Осы видеоны көріп болған соң, қарапайым оқырман және журналист ретінде санамда бірнеше сұрақ пайда болды. Әрі сол сұрақтарды видеодағы лектор Елдос Тоқтарбайға қоя отырып, сөзімнің я сұрағымның дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу үшін нағыз Алаштанушы, Абайтанушы, тарихшы мамандардан көмек сұрайтынымды да ашық айтқым келеді.
1. Сол видеода Елдос Тоқтарбай әңгіменің басын былай бастайды да: «Шетелдің ақшасын алып, қазаққа қарсы жұмыс істеп жатқандар қаншама? Абайды сопы қылды, Абайды Тәңіршіл қылды», әрі қарай: «Тіпті Абай деген адам өмірден болмаған, Абай деген жалған, ол — Әлихан Бөкейхан деген мақала шықты. Ең ұят нәрсе. Сондай нәрсені жасап жатыр. Енді бұның барлығы кімге жасалып жатқан қастандық, кімге жасалып жатқан қиянат? Ол — мына ұлан-ғайыр далаға жасалып тұрған нәрсе»-дейді. Ендігі сұрақ мынадай, осыдан 3 жыл бұрын Абайтанушы Асан Омаров Абай.кз сайтына жарияланған өз мақаласында:«Хәкім Абай ұстанған жол — сопылық!» деп еді. Сонда кімнің сөзі дұрыс? Одан кейін қазаққа қарсы жұмыс істеп жатқандар деп кімді айтып отыр? Соның бірінде Абайды жоққа шығарды деп, Зәуре Батаеваны меңзесе керек. Және оның әрекетін ұят нәрсе деп бағалаған адам Абайдың бар екенін растап әрі пікір алуандығын құрметтеп, Зәуре Батаеваға дәлелді түрде үн қатты ма?
2. Аталмыш видеодағы келтірген мысалдарының бәрінде Елдос Тоқтарбай Алаш қайраткерлерін тек діни контекстте қарастырғысы келетін сияқты. Мәселен, оның ең қарапайым түрі: «Ал біз мынадай ұлан-ғайыр далада тұрмыз. Кімнің арқасы? Осы жолда қанын, жанын беріп кеткен, дініне, тіліне, жеріне қызмет етіп кеткен тұлғалардың арқасы. Алаш арыстары — тілге де, дінге де, жерге де, ұлтқа да қызмет етудің ерен үлгісін көрсетіп кеткен тұлғалар»-дейді. Дініне қызмет еткен тұлғалардың арқасы...
Тағы мысалдар:
*** «Олар бірінші дін ілімін таныған еді, екінші дүние ілімін меңгерген тұлғалар болды»-дейді. Тағы да дін. Бірақ неге бірінші дін?
*** «Алқалы топта жақсы сөз айтуымыз керек. Қазаққа қызмет қылған, ұлт жолында, дін жолында шаһит кеткен 25 мың қазақтың тұлғасын айтуымыз керек»-дейді. 25 мың қазақ дін жолында шаһит болғанына қандай дәлел келтіресіз? Жалпы Алаш идеясы дін жолында құрбан болу ма?
*** «Алаш деген топ Алламен көзін ашқан топ болды»-дейді. Тағы дін, тағы Алла.
*** Алаштықтар жайлы: «Дін исламға солар сияқты қызмет қылуға тырысуымыз керек»-дейді. Олар дін исламға қалай қызмет қылған? Соны түсіндіріп бере аласыз ба?
*** Тағы да Алаштықтар жайлы: түрмеде отырып ораза ұстайды, құлшылық қылады,-дейді.
3. «Алаштың тұлғалары Ахмет, Әлихан, Міржақыптар бір-біріне хат жазып: "Біз ешқашан кетпейміз, не көрсек те, қара халықпен бірге көреміз. Егер біз кететін болсақ, қара халықты қырып тастау, сындырып тастау оңайға соғады"-деді. Көрдіңіздер ме, ол олардың таухидтері еді?.. Өйткені олардың қай-қайсысы болсын, ең алғашқы білімдерін медреседен, мешіттен ашқан болатын»-дейді. Сонымен қатар осы жерде бір топ адам "Аллаһу акбар" деген сөз айтады. Естуімше, сол кездегі медреселер мектеп пен сауат ашудың рөлін атқарса керек. Яғни заманның талабына сай, ол уақытта мүмкін таңдаудан бұрын, сауат ашудың жалғыз ғана жолы болған шығар? Тіпті Алаш заманында да Қазақстанда зайырлы мектептер самсап тұрды дегенге өз басым сенбеймін. Осы жерде автор біраз манипуляция жасап тұрғандай көрінді. Былай қарасаңыз, бұл жаһандық мәселеге айналған діни мемлекеттерге демократияның иісін иіскету мүмкін емес сияқты дүние ғой.
4. Содан кейін: «Құстың қос қанаты болатын болса, олар да қос қанат: дін ғылымы мен дүние ғылымын қатар ұстап, мықты деңгейге көтеріле білді»-дейді. Осыны айтқан адамнан ғылыми тұрғыдан жауап беруін өтініп тұрып сұраймын. Дін ғылымы дегеніміз не, анықтамасы қандай? Сосын дін деген не, ғылым деген не?
5. «Патшалық билік бізді отарлаған сәтте дінімізден айырды»-дейді. Бұл сөзге өз басым көп күмәнмен қараймын. Неге екенін айтайын ба? Мәселен, Жәңгірхан тұсында 19 ғасырда салынған мешіт әлі сол күйінде Бөкей Ордасында тұр. Сонда жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, музей қызметкерлері сізге Жәңгірханның өзі де сол мешітте құлшылық қылып, намаз оқығанын айтады. Тіпті Патшалық Ресей сол кезде исламды ұстанған, нақтырақ айтқанда дінді ұстанған Ордаға және оның ханына қарсы шықпаған. Керісінше ислам дінін насихаттауға, рөлін күшейтуге адамдар жіберген. Сенбесеңіз, оны айғақтайтын еңбектер де бар. Сонда патшалық билік бізді дінімізден айыруға ықпалды болғанына қалай 100 пайыз сенімдісіз?
6. «Тіл деген мәселенің артында діл тұр, дін тұр. Ал тілі жоқ адамның діні де болмайды, оған жер де, отан да маңызды емес»-дейді. Қалай қазақ тілінің артында араб діні тұр? Жарайды, қазақтың тілдік қорында 3 мыңнан аса, 4 мыңға жуық арабизм бар шығар. Бірақ олар бізге сіңісті болып кеткен, баяғыда-ақ бейімделіп кеткен сөздер ғой. Оның мына жерге қандай қатысы бар?
7. Серік Зиятов жазған мысал бар. «1920 жылы, 26 тамызда 28 жастағы Алашорданың вице-премьер-министрі Әлімхан Ермеков, жанында Уәлидхан Танашұлы және осы Шымкенттің тумасы Мұстафа Көкебайұлы деген Алаш қайраткері болған, жер кадастрі маманы — үшеуі Лениннің қабылдауына кіріп, бүгінгі Қазақстанның территориясын қорғап қалған. Сол кезде Ленинмен 8 жарым сағат дауласады. Бір уақытта Ленин жанында отырған Свердловқа, Калининге айтады: егер біз кешкі тамақ ішпейтін болсақ, қазір Мәскеуден айырылып қаламыз дейді»-дейсіз. Осы жерде отырған халық қарқылдап күле қалады. Сталиннің әңгімесі қаншалықты рас? Сосын Серік Зиятовтың постына пікір білдірген Максат Таж-Мурат-тың өзі Мұстафа Көкебаевтың Атыраудың тумасы екенін және оны жай ғана уикипедиядан біле салуға болатын ақпар екенін жазып отыр. Сонда бұл қалай болғаны?
8. Елдос Тоқтарбай Сұлтанмахмұт жайлы: «Құран қари, 14 параны толық білген. Сол Сұлтанмахмұт Жүсіпбек Аймауытұлына хат жазып отыр: ауруым асқынып бара жатыр дейді, егер Алла Тағалам дейді, маған 1 жылдық ғұмыр беретін болса дейді, мен дейді, араб тілін толық меңгергім келеді дейді». Осы жерде мына нәрсені жазғымыз келеді... Егер осыған дейін оқыған, оқулықтағы, интернеттегі мәліметтерге сүйенсек, Сұлтанмахмұттың дінді білгені рас. Бірақ кейін дінге және діндарларға қарсы болып, "дін деген — өтірікке нану деген" деп те өлең жазғаны туралы дерек бар. Неге ақпарат біржақты беріліп отыр?
9. Біраз діндар адамдар қолданатын «70 жыл Құдайсыз қоғам орнады» дегенді бұ кісі де айтады. Сол «70 жыл Құдайсыз қоғамда» мектеп арабша болса, мешіт жұмыс істеп тұрса, ол қандай құдайсыз қоғам болғаны?
10. Міржақып Дулатұлы жайлы: «жалғызкісілік, одиночная камераға, карцерге қамап тастайды. Сол 24-ақ сантиметр болған ол кезде. Сол 24 сантиметрде 1 жыл, 8 ай отырады ғой. Кіші дәретін де, үлкен дәретін де сол жерге сындырады. Сол жерде отырғанда, Құранның бүкіл білгенін айтып, аман-есен шыққан ғой»-дейді. Түрменің 24 сантиметр екеніне қандай дәлел бар? Жалпы менің ойымша, Алаш жайлы айтқанда сөзді үстемелемей-ақ, көрген азабының фактісін айтса да, жетіп жатыр деп ойлаймын. Интернетке жазып көрсем, карцерді 2.5.м2 дейтін дерек те шықты.
11. «Алаш идеясының негізі дінмен басталған. Сондықтан қазір арамызда жүрген, исламға кір келтіріп жүрген тентектеріміздің кесірінен асыл дінімізді былғап жатқан жайымыз бар. Асыл дінімізді былғамайық»-дейді. Алаш идеясы қалайша дінмен басталған? Мен оны огностикке де, атеистке де, христианға да, буддистке де, мұсылманға да ортақ идея, зайырлылық принципі сақталған идея деп жүрсем... Сонда бұл қалай болғаны?
12. Және сөз соңында: «Сөзімнің соңында мына нәрсені айтқым келеді. Ұлтына, жұртына қызмет ету білімнен емес, мінезден. Біздің қоғамда небір білімділер бар, бірақ иманы жоқ. Мінез деген — иман, жігіттер!»-дейді. Иә, Әлихан Бөкейханның "ұлтқа қызмет етуді мінезден" дейтін сөзі бар. Бірақ нақты "мінездің иман екенін" анықтайтын текстологиялық тұрғыдан қандай дәлел бар?
13. Одан кейін Елдос Тоқтарбай жайлы (оның Алаш сөзі кітабына жазылған алғысөз болса керек) жазушы, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай: — Талапты шәкірт те — ұстазға берген тағдырдың бір сыйы. Кейде қаншалықты оқымысты көрінгеніңмен де, сол шәкіртіңе қарап бой түзейтін, ой түзейтін кезің болады. Ондай шәкірттен сен де жөн үйренесің. Алғау сөзге сенсек, бізді де «қазақтың сөзін ұстаған қалам иесінің бірі»,-деп жүр ғой. Алайда мен, жаны - қуатты, ойы тың, талап-мақсаты анық, білгенімен де, білуге ұмтылғанымен де, пікірімен де, мінезімен де батыл және адалымен тура айтатын ұғландарды көргенде, оларға сондай бір сүйінішпен қараймын.
Мен Елдос Тоқтарбайдың болмысынан осындай текті тумысты аңғарамын. Сәл тосын табиғи бітіміне қарамастан, оны бауырыма тартқым келеді. Өйткені оның өзіне сенімді, тасты да еріткендей мейірімі мен екпінімен отты да сөндіргендей турашыл қуаты, пікірлерінің адалдығы, таңдаған мақсат жолындағы нық беталысы, табанды да төзімді ізденісі ұстаз ретінде толық қанағаттандырады және менің көзқиығыма шалынғаннан бергі он жылдың орайында ол сәт сайын осындай кесек ой-бітімімен сүйіндіріп келеді. Мейлі, мұны сырт көз ұнатсын, ұнатпасын бәрібір (кейбір жанашырларымнан ондай да ескерту естіп қаламын), оның жан ұясынан шынайы адалдықты аңғарамын. Ал шынайылық кез келген тағдыр иесіне беріле бермейтін сый.
Жалпы Елдостың шығармашылығына тән басты ерекшелік, ол - діттеген нысанасына еш неғылайынсыз беріліп, алаңдамастан, жаны күйіп тұрып беріле жазатын шынайы адалдығында. Көңіл иірімі бірде ұйытқып, бірде байырқалап, ойыңды оратып әкетсе де, оқырман оның алғаусыз көңілден алабұртып шыққанына сенеді. Әсіресе, алаш пен алаш қайраткерлерінің тағдыры туралы айтқанда, күйініп-сүйінген сезімге де, ашынған сынға да ерік береді. Әйтеуір, немкеттінің сөзі емес, нағыз жаны ауырған адамның жан сөзі екені аңғарылады.
Екінші, ол өзінің алған тақырыбына сенімді. Тарих, тарихи тұлға, әдеби туынды, жеке адам туралы сөз қозғаса да, бәрібір ұшталған көркем-сыни ой алаш тақырыбына келіп сабақталады. Бұл оның, түпкі ілхами мақсатының тұрақтылығын көрсетеді. Сол жолда, сырын ашса да, сынын айтса да «жүрегінің түбіне кір жасырмайды». Қалам ұстаған адамға бұл да үлкен сын.
Үшінші, әр жазғанынан — толассыз ізденіс пен
төзімнің, көздегеніне жетпей қоймайтын қуат пен жігердің демі білініп тұрады. Міне, бұл, Абай айтқан, «Қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп шығатын» сөздің қозғаушы күші.
Енді, Елдос ұғланға, «осы қуатты, батыл, адалынан басталған арыныңмен келер күннің алашұранды көкшоқысына алқынбай, сүрінбей, әділеттің жолынан бұрылмай, абыроймен жет!»-деп тілек қосамын,-депті.
Ендігі сұрақ мынадай, Тұрсын Жұртбай ағамыз Елдос Тоқтарбайдың Алаш сөзі кітабын толығымен оқыды ма екен? Егер оқыса, кітапта Алаштың дінге қатынасы қалай берілген?
P. S. Осыған дейін Абай Мырза есімді төте жазудан оқитын, Алаш жазбаларын зерттеушінің арқасында Алаш қолжазбаларын шолып шыққан едім. Сонда тіпті 1917 жылы Алаш зиялылары мұғалімдер курсында: "Керексіз деп төрт пәнді атайды. Олар: араб тілі, ислам тарихы мен ұлт тарихы (Қазақ тарихы), дін, өлшеу" деп, Алаштықтардың жазбасын жариялап еді. Және сол жазуда авторлар неге екенін де саналы түрде дәлелдеп берген. Одан бөлек, олар дін ісі мен мемлекет ісін бөлек қарастырады. Қазір бізге діннің емес, заманауи ғылымның қажет екенін жазады. Ал енді осыдан кейін Алаш идеясы қалайша тек діни идея болып шығады?
*** Ешкімнің діни сеніміне, діни көзқарасына қасастығым жоқ және біреудің жеке басына тиісуді жөн деп санамаймын. Бірақ осы нәрселерді айтқан автордан және лажы болса, Алаштанушылардан саналы, дәлелді жауап күтемін. Көп Рақмет!

 

 

Пікірлер