БАҚ-қа төнген қауіп. Алматыда журналист пен оператор соққыға жығылды

1572
Adyrna.kz Telegram

Алматы телеарнасының журналисі мен телеоператорына азаматтық белсенді дене жарақатын салып, штативті сындырған, деп хабарлайды “Адырна”тілшісі Qaz365.kz- ке сілтеп.

"Алматы" арнасының мәлімдеуінше қызметкерлеріне бір азамат шабуыл жасаған. Кінәлі азаматқа заң шеңберінде шара қолданылуын талап етіп отыр.

“Алматы” арнасының түсірілім тобы 14 тамыз күні әдеттегідей кәсіби міндеттерін атқарған. Алайда БАҚ өкілдеріне шабуыл жасалған.  “Алматы” телеарнасының ұжымы:

“Құрметті достар! Бүгін алаңдатарлық бір жағдай болды. Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан 4 жастағы Айкөркем Мелдеханның өліміне қатысты Алматы гарнизонының әскери соты маңында біздің әріптестерімізге азаматтық белсенді Белялов Байбах күш көрсетті. Еш себепсіз түсірілім тобына тап берген азамат журналист пен телеоператорға дене жарақатын салып, бейнекамера штативін сындырған. Онымен қоймай әріптестерімізге бұдан кейін де қандай да бір әрекет жасайтынын айтып, қорқытқан, боқауыз сөз айтқан.
Біз Айкөркем Мелдеханның қазасына қайғырамыз, бірақ бұл оқиғаға да бейжай қарай алмаймыз. Сонымен қатар БАҚ өкілдеріне күш көрсетуді тәртіпсіздік һәм заңға қайшы әрекет деп санайтынымызды жеткізгіміз келеді. Осы тұста кінәлі азаматқа заң шеңберінде шара қолданылуын талап етеміз”, - делінген мәлімдемеде.

Телеарна ұжымы  Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен қызметкерлердің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрайды.

Соңғы жылдары БАҚ өкілдеріне жасалатын шабуыл көбейген. 2022 жылғы статистикаға сүйенсек, әлем бойынша 67 журналист кісі қолынан қаза тапқан.

Пікірлер