Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерлер съезі: қоғам үшін маңыздылығы қандай?

10893
Adyrna.kz Telegram

Елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерлерінің VII съезі өткен болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан іс шарада әлемдік діндердің лидерлері бой көрсетіп, ой бөлісті. Аталған съездің қоғам үшін маңыздылығына ҚР ҒЖБМ Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығының директоры Алмасбек Шағырбай баға беріп, пікірін тарқатты.

- Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің маңыздылығы қандай ?

- Елімізде қалыптасқан дәстүрге айналған әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшыларының басын қосып әр үш жыл сайын Съезд өткізуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі алғаш рет 2003 жылғы

23-24 қыркүйекте Қазақстан Республикасының бастамасымен шақырылды.

Съездің мақсаты әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлерінің басқосуын Еуразия континентінде Егеменді Қазақстан жерінде өткізілуі халықаралық аренада еліміздің абыройының артуына, бейбітшілік пен келісімді, татулық пен достастықты насихаттайтын өркениетті қоғамның басты талабына айналып отырғаны мәлім. Әлемнің бірқатар аймақтарында геосаяси қақтығыстар, этносаралық мәселелер негізінде түсінбеушіліктер бірнеше жылдар бойы Таяу Шығыста орын алғаны белгілі. Осыған байланысты, әлемдегі дінаралық сұхбатты жүзеге асыру мен келісілген шешімдерді қабылдау мақсатында тұрақты негізде қызмет атқаратын халықаралық конфессияаралық институттың жұмыс істеуін қамтамасыз ету арқылы жасампаздықты мақсат ететін мемлекетке айналудамыз.

Съездің бірнеше отырыстары Еліміздің астанасында 2003, 2006, 2009, 2012, 2015, 2018 және 2022 жылдары Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Қазақстанда өткізілген 7 Съездеріне әлемнің Шығыс, Батыс, Еуропа мемлекеттері мен Африка континентінен әлемнің беділді діни лидерлері, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан. Қазақстандағы конфессияаралық және этносаралық келісім моделі Съезд отырыстарында халықаралық қауымдастыққа жарияланып, Қазақстанның жаңа қырынан танылуына септігін тигізгені анық.

Мысалы, 2010 жылы мемлекетіміз Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ОБСЕ) төрағасы болып жарияланып Астаналық декларация қабылданған. 2011 жылы бүкіл әлемдегі 57 араб мемлекеттердің басын қосып отырған Ислам ынтымақтастық конференциясы (ОИК) төрағасы болып Қазақстан сайланып, ұйымның атауы Ислам ынтымақтастық ұйымы деп өзгертілуі туралы тарихи шешім Астанада қабылданған. 2015 жылы «Алматы ислам әлемінің астанасы» мәдени бастама жарияланып, ресми негізде атаулы халықаралық шара өткізіліп еліміздің рухани-туристік әлеуеті артқан.

Өткен жылы 14-15 қыркүйекте Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі өтті. Съездің басты тақырыбы: «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі». Тақырыптың белгіленгені символдық мәні бар, пандемиямның адам мен қоғамның өміріне бірқатар өзгерістер әкеліп, дәстүрлі білім алу форматтары, жұмыс, тұрмыс ерекшеліктер ықпал еткендігі белгілі.

Осыған орай, әлемдегі пандемиядан кейінгі адамзаттың дамуына ықпал жасайтын факторларды діни көшбасшылардың, халықаралық ұйымдар мен шетелдік делегациялардың қатысуымен бірнеше секциялар бойынша отырыстар белгіленген, мәселен: «Қазіргі әлемдегі рухани және моральдық құндылықтарды нығайтудағы діндердің рөлі», «Діндер мен мәдениеттердің, әділеттілік пен бейбітшіліктің құрметті қатар өмір сүруін нығайтудағы білім мен діни ағартудың рөлі», «Діни лидерлер мен саясаткерлердің жаһандық дінаралық диалог пен бейбітшілікті ілгерілетуге, экстремизмге, радикализмге және терроризмге, әсіресе діни негізде қарсы тұруға қосқан үлесі», «Әйелдің әл-ауқатқа және қоғамның тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қоғамдастықтардың рөлі».

VII Съезге әлемнің 50-ден астам елінен 100-ден астам делегация, оның ішінде діни, саяси және қоғам қайраткерлері қатысты. Съезге Рим Папасы Францисктің қатысуы Батыс Еуропа мен Орталық-Азиядағы Қазақстанның ресми ұстанымдарын жақындатып өзара сенімділікті нығайтуына ықпал жасады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің елімізде өтуінің халықаралық маңыздылығы өте жоғары. Еліміз үшін көптеген мүмкіндіктер ашылады, халықаралық байланыстардың нығаюына септігін тигізеді.Дін басшыларының елімізде бір дөңгелек үстел басында бас қосып, дүние жүзінің  бейбітшілігі туралы өз тұжырымдарын ортаға салып, адамзаттың болашағы үшін маңызды шешімдер қабылдады.

Қорытындылап айтқанда, Съездердің өткізілуі Еліміздің дамыған мемлекеттердің қатарына кіру жолындағы басты қадамдары деп түсінуге болады және де халқымыздың тарихи-мәдени мұрасындағы асыл құндылықтарын әлемдегі халықтарға таныстыру, насихаттау барысында үлкен шара болып табылады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер