"Қазақстанда қалуының маңызы жоқ". Смайылов "АрселорМиттал" компаниясы туралы ойын айтты

3746
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан премьері Әлихан Смайылов “ArcelorMittal” компаниясының инвесторы Лакшми Митталдың елде одан әрі қала алмайтынын айтты, деп хабарлайды "Адырна" сайты. Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Үкімет басшысының айтуынша өткен жылы қарашада Ленин атындағы шахтада адамдар қаза тапқан дәл осындай жағдай кезінде, ArcelorMittal басшылығы өнеркәсіптік қауіпсіздікті, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сендірген. Олар өндірісті жаңғыртуға инвестиция тартуға бар күш-жігерін салатынын жеткізген.

Алайда премьер-министр үш миллиард доллар инвестициялау жоспары жарияланса да қазір берілген уәделердің орындалмай отырғанын алға тартты.

Айтуынша, шетелдік инвестор тарапынан бар болғаны бір миллиард доллардың жоспары ғана берілген. Тіпті ол да толық орындалмай жатыр екен.

"Жылдан-жылға біз өндірісті қолдауға жұмсалатын инвестицияның азайып жатқанын байқаймыз. Ал апаттар болса жиі орын алып, адамдар өліп жатқанын көріп отырмыз. Қазір бұл кәсіпорынның иесін ауыстыру мәселесі көтерілуде. Біз Миттал және оның адамдарымен келіссөздер жүргізудеміз", - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, келесі аптада тағы бір келіссөз өтеді.

"Менің ойымша, экологиялық аудит және өнеркәсіптік қауіпсіздік аудиті аяқталғаннан кейін бұл мәселе түпкілікті шешіледі. Сондықтан бұл инвестордың әрі қарай Қазақстанда қалуының маңызы жоқ. Өкінішке орай, бұл өндіріске, өнеркәсіптік қауіпсіздікке, кеніштердегі, металлургиялық өндірістегі еңбек қауіпсіздігіне деген көзқарасына байланысты", - деді Әлихан Смайылов.

 

Пікірлер