Ұйғыр ауданының атын өзгертіп керегі жоқ

2347
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының атына қатысты осыдан бір жыл бұрын пост жазғанмын. Содан бері жағдайды сараптай келе ойым едәуір өзгеріп, бұл тақырыпты басқа қырынан түсіне бастадым. Сәвет Одағы тарқайтын тұста, коммунистер бүкіл одақта әртүрлі автономиялар құрып, баяу жарылатын бомба тастап кетті. Бір-бірімен туыспайтын қаншама халықты бір автономияға біріктіріп, болашақта түбі бір қырқысатындай қылып қойды. Ұйғыр ауданы да тура сондай мақсатпен құрылған. Одақ бірақ тарқап кетті де, олардың бұл жымысқы жоспары іске аспай қалды.

«Ұйғыр ауданының аты сол күйі қалғаны сіздерге керек пе?» деп, Алматыдағы қаншама ұйғырдан сұрап көрдім. Ұйғыр ауданының атын керек етіп тұрған ұйғыр жоқ. Оларға тыныштық пен бейбіт өмір көбірек керек екен. Ойлана келе, ауданның атын өзгерткеннен қазақ қазір ұтпайтынын, ұтылып қалатынын түсіндім. Неге дейсіз ғой? Кейінгі айда осы ауданның атын өзгертейік деп белсеніп, содан саяси ұпай жинағысы келетін пиғыл байқалып жүр. Оған көп адам арандап қалып жатыр. Кейбіреуі заказбен жұмыс істеп жүргендей әсер қалдырды. Қытайда қазір қазақтың бір автономиялы облысы мен қазақтар тұратын үш бірдей аудан бар. Егер біз Ұйғыр ауданының атын өзгертсек, қытайлар да бізден көріп істегендей болып, Қытайдағы әлгі облыс пен ауданның атын өзгертіп жіберіп, ондағы қазақтарға тағы қысым көрсете бастауы мүмкін екен. Осы мәселеде тым үстірт ойламай, жеті рет өлшеп барып, бір рет кескен жөн. Ұйғыр ауданының атында тұрған ештеңе жоқ. Болашақта ол бәрібір өзгереді. Ол бүгін болмаса да, ертең түбі бір болады, түбі бір ауысады. Бірақ дәл қазір Қытайдың да арыдан ойлайтын осындай жымысқы саясатының жетегінде кетіп қалып, өкініп қалып жүрмейікші деген ой еді..

Жолымбет Мәкіш

Автордың пікірі редакция көзқарасын білдірмейді.

Пікірлер