Айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер сайлауда Тоқаевты қолдайды

2396
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Алматы қаласындағы Қазақстан Жазушылар Одағының концерт залында "Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық Одағының" II құрылтайы өтуде.

Серік Құсанбаев, Аманжол Әлтаев, Серік Қалиев, Ринат Зайытов, Еркебұлан Қайназаров сынды танымал ақындардан президиум өкілдері сайланған бұл құрылтайға Қазақстанның барлық облысынан төл өнердің өкілдері қатысуда.

Құрылтайды ашып, сөйлеген Одақ Президенті Жүрсін Ерман қазіргі билікке деген наразылығын да жасырып қала алмады. Айтысқа үнемі билік тарапынан қысым жасалып, телеарналардың айтысты қиып, үзіп-жұлып беретінін  де айтты. Айтыстың өткен кеткеніне тоқталған Жүрсін Молдашұлы елдегі саяси жағдайлардан ақындардың да тыс қалмауын сұрады.

"Алдымызда президент сайлауы, парламент сайлауы келе жатыр. Парламент сайлауына неге біздің  ақындар да қатыспасқа? Жалғыз Айбек Қалиев қана Арқалықта қалалық мәслихаттың депутаты болып жүр. Парламенттің төрінде Аманжол Әлтаев, Ринат Зайытов, Бауыржан Халиолла отырса Парламенттің қабырғасы қисайып қала ма екен?" деген Жүрсін Ерман ақындар елдің сөзін қай ортада да айтатынын тілге тиек етті.

Одан кейін сөз алған Құдайберлі Мырзабеков, Бақыт Жағыпарұлы, Ербол Қамбатыров, Серік Қалиев, Бауыржан Халиолла, Мұхтар Ниязовтар айтыстың кем-кетігі мен болашақтағы атқарылмақ істерге өз көзқарастарын білдірді. Жаһандану дәуірінде осы бір бекзат өнерді қайтсек ары қарай дамытсақ, қазіргі деңгейінен де биікке көтерсек деген ақындар облыстармен тығыз жұмыс жасау керектігін айтты.

Президиум тізгінін ұстап отырған Аманжол Әлтаев Жүрсін Ерманның айтысқа сіңірген еңбегіне тоқтала келіп, жас ақындарға іздену керектігін айтты.

Сөз аяғында "Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық Одағының" Басқарма Төрағасы Жүрсін Ерман "елде саяси науқан басталғанын, сол сайлауға біздің Одақтың да ат салысып, қатыссақ деген ойы болғанын" жасырмады. Бұл ойы биліктің Одаққа деген назарын аударса деді.

Құрылтай соңында Одақ төрағасы айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің алдағы сайлауда Елбасы Назарбаев ұсынған кандидат Қ. Тоқаевты қолдайтынын айтты.

 

 

 

 

 

Пікірлер