Ақкенттегі өрт. Балаларды балконнан лақтырған әйел олардың 14 жастағы әпкесі болып шықты

3178
Adyrna.kz Telegram

1 тамызда Ақкент шағын ауданында 16 көпқабатты үй өртеніп, тұрғындар зардап шеккен болатын. Сол оқиға барысында бас сауғалап балаларды балконнан лақтырған әйел олардың 14 жастағы әпкесі болып шықты. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай желідегі парақшасында айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Иә, бәріміз оны осы балалардың анасы деп ойладық. Сөйтсек, ол небәрі 14 жастағы қыз екен. 4 бауырын аман сақтап қалуы үшін осындай қадамға барған жасөспірімнің қайсарлығына қалай сүйсінбейсің?

Сіңілі-інілерін төменде кілем жайған нөпір жұрт тосып алғанын көріп қуандық. Алайда, қыздың өзі сәтсіз түсті. 4 адамды жалғыз өзі балконнан ырғыту оңай емес. Күші сарқылды ма, әлде, бауырларының амандығын көріп босаңсыды ма екен?!Қанша адам тосқанымен жәй  матрас салмақтан жерге тарс етіп, жамбасы тиіп қайта көтерді. Сол жерде Сымбаттың жүрегі тоқтап қалады, көпшілік арасынан спортсмен жігіт жасанды тыныс алдырып көмектескен.

Қабырғалары мен иығы сынды, омыртқасы шытынады, бас миы шайқалды. Ауруханадан жақында шықты. Сол күні балалардың ата-анасы кредит төлеуге кеткен. Өрт болғанын желіден біліп, балконнан лақтырылған балаларын ватсаптан көреді. Ендігі мәселе, 3 бөлмелі пәтер ипотекада. 5 баланың бүкіл киім-кешегі  күйікке айналды. Бір аптадан соң оқу, сабаққа баратын төрт бала бар. Жағдай мәз емес”,- деп жазды журналист.

Сондай-ақ, Гүлмира Әбіқай өрттен зардап шеккен отбасына көмек керегін жеткізді.

“Ата-анама биыл мектепке былтырғы киімдерімді кие беремін, құралдарым да сол. Маған киімге қаржыны үнемдеп ноутбук әперіңіздерші деп едім, енді ол да болмайын деп тұр”, дер әлсін ғана өтінішін жеткізді Сымбат.

Бір жағадан бас бір жеңнен қол шығарып, 5 баланы оқуға даярлап, 4 бауырын аман алып қалған қызға тамаша сый жасайық”, - деді Гүлмира Әбіқай.

Пікірлер