Алматыда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша бір күндік оқыту семинары өтті

9731
Adyrna.kz Telegram

Алматыда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша бір күндік оқыту семинары өтті. Семинарды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Діни экстремизм мен терроризмді алдын алу жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының (АТТ) мүшелеріне ұйымдастырды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Семинарға қатысқандар арасында дінтанушылар, исламтанушылар, психологтар және басқа да дін саласындағы білікті мамандар болды.

«Ақпараттық-түсіндіру тобы 7 жыл бұрын құрылған. Біз топ мүшелеріне осындай семинарларды тұрақты түрде өткізіп тұрамыз. АТТ профилактикалық жұмысы үш негізгі аспектіге бөлінеді: жалпы, топтық және мақсатты. Басты мақсат – деструктивті сипаттағы діни ағымдардың, террористік және экстремистік ұйымдардың идеологиясының зияндылығын түсіндіру кезінде халықпен жұмыс жасау үшін мамандарымыздың біліктілігін арттыру. Бүгін біз исламдық экстремистік ағымдардың құрылымын, ерекшеліктерін, психологиялық аспектілерін түсіндіре алатын мамандарды шақырдық. Бүгінгі таңда ең үлкен қатер тек лаңкестік әрекеттерден емес, халифат құру арқылы халықты қорқытуды басты міндеттеріне қойған исламдық ұйымдардан болып тұр» – дейді Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов.

Топ 30 адамнан тұрады. Бірақ қажет болған жағдайда профилактикалық жұмысқа басқа мамандар, соның ішінде құқық қорғау органдарының өкілдері де жұмылдырылады.

Нұрлан Қиқымовтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс қазірдің өзінде өз жемісін беруде. Әлеуметтік желілердің мониторингіне сәйкес, жыл сайын радикалды сайттарға кіретін алматылықтардың саны азайып келеді.

«Жастарға дұрыс наным-сенім, дәстүрлі рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық және еңбек құндылықтарын қалыптастыру үшін білім беру қажет. Сондықтан біздің гуманитарлық-идеологиялық пәндеріміз дұрыс сананы қалыптастырып, маңызды рөл атқарады», - дейді философия ғылымдарының докторы, философ-дінтанушы Гүлнәр Жұманова.

Гүлнәр Жұманова жастардың дұрыс жолда жүргеніне күмәнданса, қайда жүгіну керектігі туралы өз пайымымен бөлісті.

«Бұл өзекті мәселе, себебі біздің жастар ақпаратты негізінен интернеттен, әлеуметтік желілерден алады. Дегенмен, мамандар қай кезде де қажет. Тек солар ғана діндегі кейбір мәселелерді дұрыс түсіндіре алады. Ең бастысы, нағыз дін қайда, оның бұрмаланған түрі қай жерде екенін ажырата алады.

Мектепте балалар қоғамтану пәнінің мұғалімдеріне (тарихшылар, психологтар, дінтанушылар), университетте – саясаттанушылар, философтар, мәдениеттанушылар, әлеуметтанушылар және т.б., егде жастағы адамдар – имамдарға, басқа дін қызметкерлеріне жүгіне алады. Сондай-ақ әр қалада, облыста дін істері орталықтары бар», - деді ол.

«Бүгінгі семинар – деңгейі әртүрлі халықтың мақсатты аудиториясымен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін кәсіби дінтанушылар, теологтар, университет қызметкерлері қатысатын жүйелі шара. Ал бізге аудиторияның назарын аударуды, қызығушылықты оятуды үйрену маңызды. Мұндай семинарлардың міндеті – жұмысымыздың тиімділігін арттыру үшін бізді жаңа құралдармен қаруландыру, ой-өрісімізді кеңейту және білім тереңдігін қадағалау.

Ендеше, басты мақсат – біліммен бөлісу ғана емес, адамды ойлауға шақыру, шынайы ақпарат іздеуге деген құштарлығын ояту», – дейді Алматы энергетика және байланыс университетінің Жастар саясаты департаментінің директоры, әлеуметтік ғылымдар кафедрасының профессоры Зарема Абдуллина.

Семинарда «Діннің өзекті мәселелері», «Ауған түйіні және Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесі», «Қазақстандағы лаңкестік қауіп-қатерді бағалау» және тағы да басқа тақырыптар қозғалды.

Айта кетейік, мұндай семинарлар Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-де жылына екі рет тұрақты өткізіп тұрады. Әдетте, сабақтар әңгімелесу, лекция, семинар түрінде өтеді.

Пікірлер