Шағын шолу. Астанадағы жәрмеңке-көрмеде болған жағдайға қатысты қоғам белсенділері не дейді?

1618
Adyrna.kz Telegram

Тәжікстанның мәдениет күндерін атап өту аясында Қазақстанда EXPO кешенінің алаңында ауқымды жәрмеңке-көрме ұйымдастырылды. Көрмедегі бар игілікті көруге барған тұрғындардың "ерекше белсенділігі" қоғам тарапынан қызу талқыға түсті. "Адырна" ұлттық порталы кешегі болған жағдайға қатысты пікір білдірген қоғам белсенділерінің азаматтық пікірлеріне шолу жүргізіп көрді. 

Көрме барысында елорда қонақтары мен тұрғындарына ауыл шаруашылығы өнімдері, көкөніс өнімдері, дәстүрлі бақша дақылдары және өзге де заттар ұсынылады. Көрме соңындағы жағдай бұқаралық ақпарат құралдарының назарына ілікті.

Бұған қатысты журналист Гүлжан Қызайбай былай дейді:

Астана төріндегі көрмеге қатысты ғой. Адамдардың талап алып жатқанын сынап жатыр екенсіздер. Ал менің Көшеге ,яғни адамның аяғының астына жайып тастаған жеміс-жидекке жаным ашып отыр. Соны маңдай термен өсірген шаруалардың еңбегін айтсаңызшы…Қайта жапа тармағай алып жатқан адамдарға ризамын, әйтпесе босқа шіріп кетеді ғой. Әлде сош күйінде алып кете ме? Журналист Гүлжан Қызайбай

Қоғам белсендісі Сәкен Хандиллаев:

- Қазағым - қонақ келсе құдайындай сыйлайтын, келген қонаққа "соңғы асы" болса да алдына қоятын , қонақжайлылығымен бүкіл әлемге танылған ел еді... Сонау жерден Тәжікстан Президенті бастап, "барын - нарын" арқалап келген тәжік ағайындар көкөніс пен жеміс - жидектерінен, қолөнер бұйымдары мен ас мәзірлерінен құралған көрме үш күнге созылуы тиіс болған екен. Алайда біздің Астана мен Шымкент қаласының "қонақжай" тұрғындары аталған көрменің өнімдерін бір сағатқа жеткізбей талап - тонап тасып кеткен.

Сол көрмеден қолды қылып алып кеткен бір бау жүзімі мен бір қарбызы бейне бір өмір бойына жететін азық болардай, жерлестеріміздің бұл әрекеттері бүкіл қазақ елін көршілес мемлекетер алдында үлкен ұятқа қалдырды. Бұл әрекетке тек жұртшылық қана емес, осы халықаралық іс-шараны жоғарғы деңгейде өткізілуіне жауапты болған билік өкілдері де кінәлі...

Қазақ еліне келген шетел делегациясы өкілдеріне мұндай бассыздық көрсету бұрын соңды болмаған болса керек. Бұл жерде арандату әрекеттері де болған болуы мүмкін, сол үшін жауапты азаматтардың "шаңын қағып" қойған дұрыс болар.

Фейсбуктың белсенді қолданушысы Жанна Руслан:

- Тәжікстан диханшыларының Астанада ұйымдастырған көрмесі өтті. Екі елдің президенті көріп кеткеннен кейін “ханталапай” болыпты.. Көрме ұйымдастырғандар жаға ұстады. Халық рұқсатсыз көрмеге әкелген диханшылардың жеміс-жидегін аяқтарымен таптап, рухсатсыз талап алып кетті. Көрмеге күзет қойылмағанын ескертті.

Қоғам белсендісі Бауыржан Ыдрысов:

- Ең сұмдығы - осыны ақтап атқандар көп. Және олар кім дейсіз ғой, өзім ақыл-парасатын сыйлап, солардың фейсбуктағы оқырманы боп жүрген кейбір "саналы", "көзі ашық" деп жүргендерім. Айтатын уәждері біреу-ақ: қазақты отыз жылда осындай жағдайға жеткізген билік екен-мыс. Дұрыс айтасыз, бүл аштықтан емес, бұл рухани азғындықтан. Әйтпесе соларды бала кезінен үйінде отырып билік тәрбиеледі ме? Ата-әже, әке-шешесі қайда болды. Баяғыда үлкендеріміз "біреудің бір сабақ жібін алма" дейтін, ол аздай бала кезімізде той боп атқан үйдің жанына жуып кетсек, "неғып жүрсің біреудің босағасына телміріп, аш жүрмісің? Жесең үйде де тамақ бар емес пе" деп, үйге қайырып қуатын. Сол тәрбие санаға жатталып, орныққан. Бәрі көргенсіздіктен шығады. Ата-анасы хайуандай оттаған мал болса, баласына қандай тәрбие береді?

Журналист Жанарбек Нұр:

- Мектептен, отбасынан берілетін тәрбие ғой. Ол адамдар емес, жүйе кінәлі. Олар қандай қоғамда өсіп-жетілді? "Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы",- деген Фараби атамыздыкі дұрыс-ау.

Ақтау қаласының тұрғыны Нұрзила Сәрсенова:

- Жеткен жетістігіміз-33 жылдағы, мектеп,оқу орындары,мәдени ошақтарымыздың(теледидар бағдарлама. тб), әлеуметтік желілердің берген тәрбиесінің жемісі міне осы.Біз сияқты азып-тозып бара жатқан басқа халық жоқ шығар. Адамшылықтан айырлып,ар-ұяттан жұрдай болған екенбіз,жылағың келеді...

Қоғам белсендісі Нұржан Сұрашұлы:

- Бұл ұзақ жылғы жағдайы жоқтықтан деп ойлаймын, ипотека, бала-шағаның қамы, аз жалақы...

Қоғам белсендісі Алуа Түлеуханова:

- Құрметті астаналықтар мен Астана қонақтары! Дәл осы жерде құрметті деген сөзім артық па деп ойлап та отырмын. SOS! СҰМДЫҚ! Кеше масқара ұятқа қалдық! Ашкөздік! Тексіздік! Өмірлеріңізде көрме көрмеп пе едіңіздер? Көрме деген көруге қоятын экспонаттар! Ал, тегін үлестірілетін заттар басқа болады! Көрме қабырғасынан ілулі тұрған ұлттық табақтарды ер адамның шешіп жатқанын көргенде үйде отырып, ұяттан жерге кірік кете жаздадық. Ең қорқыныштысы, қастарындағы балалары ертең өскенде көргендерін жасайды! Алла сақтасын, болашағы жоқ елміз бе деп шошып отырмын! Бүгін де жалғасады осы көрме, құрметті халық бүгін олай жасамаңыздаршы!

Журналист Оңғар Қабден:

-  Астанада Тәжікстанның мәдениет күндері өтіп жатыр. Соның аясында тәжік ағайындар жәрмеңке жасап, жеміс жидектен пирамида, кілем өрнектеп, қазекеңе ауыз тиіңдер, алыңдар деген ғой.

Жабайылықтың, мәдениетсіздіктің көкесін көрсеттік! Африканың өзінде былай істемейтін шығар. Пирамиданың төбесінде апалар жүр. Кейбіреуіміз менсінбейтін, өзімізден төмен санайтын тәжік ағайындардан әбден ұят болды. Жағаларын ұстапты.

Пейіліміз бұзылып барады. Бір қауыннан, болмаса бір уыс өрік мейізден байып кетпейсің. Қарның да тойып кетпейді. Сонша не болды ашкөзденіп?

Ойбай билік кінәлі, әкімдік кінәлі дейміз. Осы жерде кім кінәлі?

Жарайды, азық-түлікті, жеміс-жидекті талап ал. Ілініп тұрған тарелкеде нең бар? Тәжіктер ренжіп жатыр дейді. Мүлкімізге дейін алып кетті деп.
Еске сала кетейік, Астанада ұйымдастырылған көрме аясында түсірілген бейнекадрлар қоғамдық толқу туғызып, қазақстандықтар тарапынан қызу талқыланып жатыр.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер