Қызылорда облысында өрт сөндіретін 123 автокөлік жетіспейді

1646
Adyrna.kz Telegram

Тілсіз жау алқымнан алған кезде "өрт сөндіру көліктері кешігіп келеді" деп жиі сынаймыз.

Әйтсе де біз мәселенің салдарына үңіліп, нақты себебіне назар аудармаймыз. Шын мәнісінде төтенше жағдайлар департаменті өзіне қажетті техникамен толық қамтылмаған. Мысалы Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары, подполковник Бекболат Әбдіқадыровтың айтуынша, облыста 107 бірлік автокөлік бар. Қажетті техникамен 47% жарақталған облыста негізі 230 бірлік автокөлік болуы қажет. Бұл аймақта 123 өрт сөндіру техникасы жетіспейтінін аңғартады.

«Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық – құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі облыстың ерекше жағдайына байланысты керекті техникалармен толыққанды жабдықталмаған.
Облыс аумағындағы төтенше жағдайлар кезінде бульдозер, экскаватор, автокран автомобильдерінің тапшылығы сезіледі. Алайда, жергілікті әкімдікпен бірлесіп, қажеттілігіне қарай техникаларды пайдаланамыз», – дейді Бекболат Әбдіқадыров.

Республикалық бюджеттен 2023 жылға 3 бірлік өрт сөндіру техникаларын сатып алуға 317 млн. 500 мың теңге және жергілікті бюджет лизинг қызметтерінің шеңберінде 14 бірлік өрт сөндіру техникаларын сатып алуға 1 млрд. 895 млн. 294 мың теңге қаржы жоспарланған. Қазіргі таңда 17 бірлік техниканы сатып алу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Әйтсе де облыстық Бекболат Әбдіқадыров республикалық және жергілікті бюджет есебінен бөлініп жатқан қаражат материалдық-техникалық базаны жақсартуға жеткіліксіз екенін айтады. Мысалы 2020 жылы департаменттің бюджеті 454 059,6 мың теңге, 2021 жылы 459 989,1 мың теңге және өткен жылы 592 410,3 мың теңге болған.

Пікірлер