«Талақ» ұғымы. Діни ағымдағы некелердің ғұмыры неге қысқа?

8781
Adyrna.kz Telegram

Отбасы – қоғамдағы маңызды институт. Ал отбасының іргесін сөгіп, «талақ» деп топырлағандар ұлт болашағына балта шабады. Нәпсінің жетегінде кеткен теріс діни ағым өкілдерінің бірірін талақ етіп, тағдырын талқандағандардың да үлесі қоғамда артып отыр.  

Талақ – ислам дінінің терминологиясында күйеуі тарапынан әйелімен арасындағы некелік қатынастың үзілуін білдіретін таным. Теріс ағым өкілдері Ислам дініне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын танымдар мен қасаң қағидаларды шариғат ретінде алға тартып, әйел құқын аяққа таптап жүр. Санасы жалаң діни догмалармен уланғандар ақ некенің адал заңына өз пәтуасынайтып, фанатизмге бой алдырып жүр.

Теріс діни ағымның шырмауына түскендердің қасиетті неке заңын бұзып, бір-біріне талақ айтуының да бірнеше себептері бар. Ең алдымен, мұндай ажырасу түрі көп жағдайда екінші әйел тақырыбымен тікелей байланысты. Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап, «екінші алу – сүннет» дегенді тереңінен түсінбегендер ақыр соңында сол шоқпардан таяқ жеп жатады. Некенің ғұмырын үзетін мұндай шалыс қадамдар кесірінен талақ айтқандар ғана емес, бейкүнә сәбилер де зардап шегіп жатады. Екіншіден, санасы жат түсінікке толғандардың дені отбасы құндылықтарын, қоғам алдындағы жауапкершілікті тереңінен сезіне қоймайды. Жауапкершіліктен жалтару, оғаш, жат түсініктерді шариғатқа теліп,«қиыннан қиыстыру» да отбасы құндылықтарын құлдыратады. Бұған қатысты Философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай «Қоғамдағы белең алып бара жатқан радикалды ағымдар әдейі жахилия дәуіріндегі салтты ислам атымен тықпалап, елді, қыздарымызды алдап отыр», - деп пікір білдіреді.

Жат ағымдағы идеологиялар адамның сыни санасын тұқыртып, діни сауатын бұлыңғыр ұғымдармен бүркемелейді. Радикалды, экстремистік топтарға кірген адамдар өз ішіне тұйықталған адамдар санатына жатады. Ақырында адам баласы дұрыс таңдау жасаудан қалады. Сала мамандарының бірі, профессор Досай Кенжетай түсініксіз себеппен «талақ ету» жағдайын бастан кешірген қыздың оқиғасын тілге тиек етеді.

Былтыр бір қарындас жылап келді. «Талақ қылды» . Сен онымен қалай таныстың? - десем, мені «ухтиым-діни ұстазым, әпшем» таныстырды сыртымнан. Жігіт намазхан, иманды, соған тиесің, бұл тағдырың деген соң, мақұл дедім», - деп жылап тұр. Қызда дін, ұстаз, иман, тағдыр, ерік, шешім туралы ұғымдарды талдайтын қабілет те қалмаған. Енді қараңыз ешқандай сыннан електен өткізбеген, ой, амал, таным, түсініктің соңында, қыз ережелер мен шаблондарға құл болған», - деп түйінін айтады.

Демек жаңа кезеңге қадам басқан Қазақстан қоғамы үшін қандай да бір радикалды идеолгияның қаупін сезінуіміз керек. Теріс ағымдағы некелердің қысқа уақытқа ғана созылуы, «талақ ұғымының» ұлттық отбасы құндылықтарымызға көлеңке түсіруі жақсылыққа апармайды.

«Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы»  маманы
Б. Алмурзаева: «Радикалдық идеологияның кез келген түрі қоғам үшін аса қауіпті. Ол қоғамда ұлтаралық, дінаралық араздықты қоздырып, бірлік пен ынтымаққа нұқсан келтіреді. Рухани құндылықтар шетке ысырыла бастайды», - деп кесіп айтады.

Қазақта «Ері әйелін сыйласа – ердің бақыт тапқаны, Ерін елі
сыйласа – әйел бақыт тапқаны», «Өз жарыңды жаттай күт – жат көрсін де түңілсін. Бір-біріңді қадір тұт – жұрт үлгі алсын, үңілсін» деген мақалдар қаншама. Біз ұлттық құндылықтарды ұлықтап, бабалардан жеткен даналықты ескеруіміз қажет.

Пікірлер