Қазақстанда ат спортының жаңа түрі пайда болды

1717
Adyrna.kz Telegram

Астана. 02 қыркүйек 2023 жыл. Қазақстанның кеңістігінде әлемде теңдесі жоқ ұзын қашықтықтарға арналған ат спортының мүлдем жаңа түрі - Жорық пайда болды. Ол алғаш рет 2022 жылы өткен «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің нәтижесінде дүниеге келді.

Қазақстанда тай-бәйге, құнан-бәйге, аламан бәйге, жорға бәйге секілді ат жарыстарының бірнеше түрі белгілі. Алайда олардың біреуі де Жорық сияқты ұзақ қашықтықты бағындырмайды.

2022 жылы «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің алғаш маусымы ойдағыдай өтті. Бұл оқиға ат спорты әлеміндегі нағыз жаңалық болды. Бірінші марафонның қашықтығы 1200 шақырымды құрады. Оның қашықтығы мен қиындығына қарамастан, 95 тұлпардың 26-сы ойдағыдай мәреге жетті. Бұл жетістік Жорықтың өміршеңдігін дәлелдеп, әлемдік ат спортына өзіндік жаңашылдық енгізіп отыр.

Моңғолияда осындай ат марафоны өткізілетіні белгілі. Алайда онда қашықтық 1000 шақырымды құрайды. Бұл ретте әр 40 шақырым сайын жылқы ауыстырылып отыратынын ескерген жөн. Ал біздің жағдайда марафон қашықтығының жартысы - 650 шақырымнан кейін бір рет қана ат ауыстырыу рұқсат етіледі. Бұл тағы бір мәрте қазақтың жылқы тұқымдарының ерекше төзімділігін растайды.

Қазақстанда Жорық биыл ерекше назар аударуға лайық. Себебі ағымдағы маусымда қашықтық 1300 шақырымды құрайды. Шабандоздар Астанадан Түркістанға дейінгі бағытты 14 күн ішінде өтуі тиіс. Бұл міндетті аз уақыт ішінде орындап шығатын команда «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің абсолютті жеңімпазы атанады.

«Ұлы дала жорығы - 2023» марафон-бәйгесінің маусымы 3 күннен кейін - 6 қыркүйекте сағат 14:00-де Қаражар (Ильинка) ауылында басталады. Бұл тек ат спорты жанкүйерлерінің ғана емес, сондай-ақ, жаңа сын-тегеуріндер мен эмоцияларға құштар қазақстаныдқтардың да назарын өзіне аударатын тың оқиға болмақ.

  • Басталу күні: 2023 жылғы 6 қыркүйек
  • Өтетін орны: Қаражар ауылы (Ильинка)
  • Қашықтық: 1300 километр
  • Ұзақтығы: 14 күн
  • Ресми сайты: www.joryq.kz

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің ұйымдастыру комитеті

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер