Кәсіподақ – жұмысшы мүддесін қорғаушы бірден-бір ұйым

1809
Adyrna.kz Telegram

Қоғамда азаматтардың құқықтарын заңдық тұрғыда қорғау басымдыққа ие. Соның қатарында түрлі салада еңбек етіп жүрген еңбеккерлердің мүдделері мен құқытарын сақтап, еңбек жағдайларын жақсартуға ынталы бірден-бір ұйым кәсіподақ болып табылады.

Кәсіподақ ұйымдарының қазіргі атқарып отырған қызметі жайында Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының заң клиникасы Қарағанды филиалының басшысы, заңгер, кәсіби медиатор Света Шардарбековамен болған сұхбатта өрбімек.

– Кәсіподақ ұйымының негізгі атқаратын қызметі қандай?

– Негізінен, кәсіподақтар жұмыстарын негізгі үш бағыттан тұрады деуге болады, біріншіден, жұмыскерлердің еңбек қатынастарына қатысты құқықтары мен  мүдделерін қорғау, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, екіншіден жұмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту,үшіншіден лайықты және қауіпсіз жұмыс орнымен қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігін бақылау, еңбекті қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру.

–Кәсіподақ қандай жағдайда жұмысшыға араша түсе алады?

–Қазақстан Республикасының кәсіподақтар Федерациясы жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға байланысты көптеген ұйымдармен жұмыс жасайды. Іскерлік қарым-қатынастар әлеуметтік серіктестік негізінде, жеке келісімдер, аймақтық келісімдер және ұжымдық шарттар арқылы жүзеге асырылады. Ұжымдық шарттарда жалпы кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлер үшін барлық жеңілдіктер мен кепілдіктер жазылатынын қарастырсақ, кәсіподақтар жұмыскерлердің  мүддесіне қатысты барлық мәселелерде өз пікірін білдіреді деуге болады.

–Кеңес дәуірінде партиядан кейінгі үстемдігі жүрген кәсіподақ екенін білеміз. Тәуелсіз еліміздегі Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы «алтын көпір» саналатын ұйымда қандай өзгешеліктер бар?

–Уақыт өзгерсе де кәсіподақтар жұмысшылардың   мүддесіне қатысты мәселелерде өз көзқарастарын өзгерткен емес. Уақыттың талабына сәйкес, кәсіподақтарда айтарлықтай жаңашылдықтар бар. Атап айтқанда, ерекше айта кететін жайттардың бірі- Қазақстан Республикасының кәсіподақтар Федерациясы жанынан заң клиникасының ашылуы. Заң клиникасының құрамына татуласу Орталықтары мен қоғамдық қабылдау бөлімі кіреді. Татуласу Орталықтарында кәсіподақ мүшелеріне және  көпшілікке құқықтық кеңестер берілсе, қоғамдық қабылдау бөлімдерінде кәсіподақтар тарапынан саланған депутаттар мен  кәсіподақ белсенділері көпшіліктің өтініштерін қарап, шешімін табуға көмектеседі. Бір ерекшелігі, біз қарапайым халық үшін қашанда қолжетімдіміз.

–Қазақстанда әр саланың өз кәсіподақ ұйымы бар. Сол аталмыш ұйымдар мүшелерінің еңбек дауы мен құқықтары тапталған жағдайда, қорғансыз қалып, одан сырт медиаторларға жүгінге сәттері болды ма?

–Әрине, ондай жағдайлар болған.Дегенмен, «қорғансыз қалды» деуге болмайды, жұмыскер мен жұмыс беруші арасында түсініспеушілік орын алғанда алдымен кірісетін кәсіподақтар тарапынан түсіністікке қол жетпеген жағдайда ғана, Тараптардың қалауы бойынша медиаторлар жұмыс жасайды. Алғашқы кәсіподақ ұйымдары мен медиаторлардың өзара жұмыс жасау реті бар ( алгоритм). Жоғарыда айтқандай, медиаторлар тек туындаған дауды шешу кәсіподақ өкілдерінің қолынан келмеген жағдайда ғана жұмыс жасайды. Ондай істер некен саяқ және сотқа жетпей шешіліп жатады.

–Қазіргі кәсіподақтардың артықшылықтары мен осал тұстары қандай?

–Бүгінгі таңда кәсіподақтар бюджеттік сала мен ірі кәсіпорындардан басқа да салаларда жұмыс жасауда. Шет елдік озық тәжірибелер зерделеніп, кәсіподақ жұмысында кең қолданылуда.

Озық тәжірибелер негізіндегі кәсіподақтардың  күн тәртібіндегі басты тақырыптар еңбек адамының өмір сүру деңгейінің жоғарылауын қамтамасыз ететін факторларды- еңбекақыға қарай әділ еңбекақыны, қауіпсіз еңбек жағдайларын, гендерлік теңдік пен кемсітушілікке жол бермеуді, бейресми жұмыспен қамту үлесін азайтуды, еңбек саласындағы бостандықтар мен құқықтарды тиімді пайдалануды және еңбек дауларын шешу үшін әлеуметтік диалогты қамтамасыз ету және осы бағытта бірге жұмыс жасауға ниетті әлеуметтік серіктестердің қатарының артуы.  Сонымен қатар, кәсіподақтар қатарынан сайланған депутаттар арқылы еңбек адамының құқығын қорғауға қатысты көкейкесті мәселелердің Парламент қабырғасында талқылануы да көп нәрсені білдіргендей.

Енді, кемшіліктер жайлы айтар болсақ, бұл көпшіліктің арасында кәсіподақтар тек сый-сияпат берумен, емделуге берілетін жолдамалар таратумен шұғылданады деген қате пікірді жоққа шығара алмай отырғандығымыз деуге болатын шығар.

Кәсіподақтардың жұмысының мақсатын түсіне білмейтін адамдар ғана оның   қажетсіздігі туралы пікірлер айтады. Кәсіподақтар қызметі жүзеге асырылғалы   үш ғасырдан астам уақыт бойы болған, Еуропада да, сол Америкада да бар және жұмыскер мен жұмыс беруші болған уақытта ол  қашанда болады.

Әрине, кәсіподақтар қызметкерлердің құқықтарын толығымен қорғайды деп кепілдік беруге болмас, бұл өз кезегінде жұмыс берушінің жеке ұстанымымен байланысты. Өкінішке орай, кәсіподақтардың қызметіне кедергі келтіруге тырысатын жұмыс берушілер бар екені рас. Сондықтан, біз әлеуметтік әріптестік негізінде, ұжымдағы және жалпы қоғамдағы тұрақтылық пен келіссөздер үстеліндегі келіссөздер арқылы бәрін шешуге болатынына сенімдіміз.

–Сұхбатыңызға рақмет!

Пікірлер