Азаматтық қоғамның сұранысы бәрінен жоғары тұруы тиіс

1190
Adyrna.kz Telegram

Біз өмір сүріп отырған қоғамның сұранысын қанағаттандырып, кем-кетігін заң шеңберінде реттеуде партиялық жүйе мен қоғамдық бірлестіктер мен кеңестердің,  Ұлттық құрылтайдың атқарып отырған шаруасы қомақты. Аталмыш құрылымдардың Қарағанды облысында атқарып жатқан жұмыстары жөнінде Президент жанындағы  Ұлттық құрылтайдың мүшесі Ләззат Қожахметова баяндап берген болатын.

– 2018 жылы Қазақстанда төртінші баласы өмірге келген аналарға «көпбалалы» деген мәртебені бермейтін болды (2020 жылы бұл мәртебе қайтарылды). 2019 жылы астанада бес бүлдіршін отқа оранып көз жұмды. Бұл оқиға Қазақстандағы барлық көпбалалы ананы тік көтерді. Бірнеше жерде жұмыс істесе де, баспанаға жарымай, несие құлдығына батып кеткен көпбалалы аналар өз мәселелерін бірлесіп шешу үшін бас қосты.2019 жылы 11 ақпанда мен Қарағандыда екі топ аштым. Біреуін облыс аналарына, екіншісін қала аналарына арнадым. Сол кездегі облыс әкімі Ерлан Қошановқа аймақтағы аналардың үйсіз, күйсіз жүргендігін жеткіздім.

қарағанды

Ол кезде, қазіргідей әкімдер мен министрлер әлеуметтік желілерде парақша жүргізбейді, тікелей эфирге шықпайды. Әкімдердің қабылдауына кіру үшін халық айлап, жылдап кезек күтетін. «Талбесік» тобы алғаш рет Қарағанды облысында «Тыңдаушы мемлекеттің» кішкентай үлгісін құрды.

«Талбесік» тобы мемлекеттік органдар мен аналар арасында көпір болды. Аналарды сол кездегі облыс әкімінің орынбасарлары Асхат Аймағамбетов, Алмас Айдарұлы, Нұрсұлтан Жиембаев, Абзал Нүкенұлымен кездестірдім. Аналарды басқарма, бөлім басшыларымен жүйелі кездестіруді жолға қойдық.

«Талбесік» көпбалалы аналарға үй кезегіне тұру, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, балабақша мен жолақы билетін рәсімдеу туралы кеңестер берді. Менің қасына белсенді аналар бірікті. «Талбесік» қозғалысы  аймақтағы 300-ден аса ананың хатын жинап, Елбасыға, министрікке, Парламентке жолдап, көпбалалы аналарға табысын есептемей, біркелкі жәрдемақы төлеуді ұсындық. Нәтижесінде 2020 жылы көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы төрт есеге өсті.  Осы жылы мемлекет төрт балалы аналарға «көпбалалы» статусын қайтарып берді. «Талбесік» 250 қарағандылық ананың несие қарызы туралы мәліметтер жинап, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жеткізді, нәтижесінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үш санаттағы отбасылардың несиелерін кешірді.  Осының барлығы, көпбаоалы аналармен жасалған жұмвстың нәтижесі.

Қоғамда қордаланған мәселелерді көтеру арқылы 2020 жылы Президенттің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне мүше болдым. Қазір Ұлттық құрылтай мүшесумін. Сондай ақ, 2021 жылдан бастап Президент жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесімін. Сенат «Әлеуметтік кодексті, Мәжіліс «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» Заңды қабылдағанда жұмыс тобы мүшесі болдым.

Қарағанды облыс әкімдігі «Талбесік» көтерген ұсыныстарды қолдап, көпбалалы отбасыларға тегін жолақы билеті, мектеп формасы үшін ақшалай көмек, балабақшаға 50 пайыз жеңілдік, тегін тамақтануды енгізді. Бұған дейін бұл көмек тек астаналық аналарға ғана тән еді. «Талбесіктің» ұсынысымен Қарағанды – бұл жеңілдіктерді басқа облыстардан бірінші болып енгізді.

Жалпы алғанда  2019 жылы мұндай қозғалыстар Қазақстанның барлық облысында, Астана мен Алматыда да бастау алған еді. Бірақ тек Қарағанды облысында ғана көпбалалы аналар қозғалысы қоғамдық ұйым ретінде тіркеліп, отбасын қолдайтын 4 орталық ашып, жұмысты жүйелі жолға қойды. Басқа өңірлердегі мұндай қозғалыстар тарап кетті.«Талбесік» қозғалысы пандемия кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындар арасында дәнекер бола білді. Демеушілердің көмегімен 4 мыңға жуық отбасы қайырымдылық көмек алды. Тұрмысы төмен отбасыларды әртүрлі қорларға, кәсіпкерлерге ұсынып, баспаналы болуына жәрдемдесті. Ұлттық құрылтай алаңында аймақта анықталған мәселелерді министрлерге хабарлап, республика деңгейінде шешуге мүмкіндік алдым.

Бүгінде «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» атты партиялық жобасы негізінде Қарағанды қаласында, Шет, Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарында «Шаңырақ» көпбалалы отбасын қолдау орталығын аштым.

Қарағанды облысында 7000 аса көпбалалы отбасы бар. Оның 2000-ға жуығы «Күміс» және «Алтын алқа» иегерлері. Олардың әлеуметтік, психологиялық жағдайын реттеп отыруда қоғамдық қорлар мен орталықтардың маңызы зор.

«Шаңырақ» орталығының тұңғыш филиалы 2021 жылы 19 сәуірде Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік-мемлекеттік тапсырысы негізінде ашылды.  Орталықтың мақсаты – көпбалалы отбасыларға көмек көрсету, жаңа мамандық меңгеруге бағытталған оқыту курстарын өткізіп, біліктілікті арттыру, психологиялық, әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық, медициналық көмек көрсету.

Қайырымдылықпен айналысамыз. Біз мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде жұмыс істейміз. 2 жылдың ішінде 31 көпбалалы отбасына демеуші тауып, баспана алуына мұрындық болдық. Орталық тек әлеуметтік мәселелерді шешумен айналыспайды, отбасы құндылықтарын насихаттайтын шаралар ұйымдастырады. Яғни, отбасы ынтымағын арттыратын «Әкем, анам және мен, спортшымыз әулетпен», «Үлгілі отбасы – мемлекет тұтқасы», «Кәрім Сауғабай оқулары» атты байқауларды дәстүрлі түрде жыл сайын өткіземіз. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес береміз.

Өңipлiк кәсiпкеpлеp палатасымен, «Дамy» кәсiпкеpлiктi дамытy өңipлiк қоpымен, Қазақстанның iскеp әйелдеpi қаyымдастығымен және басқа да кәсiпкеpлiк қаyымдастықтаpымен бipлесiп, көпбалалы отбасылаpдың кәсiпкеpлiк бастамалаpын қолдаy мақсатында iс-шаpалаp өткiземіз. Көпбалалы аналаpға бизнес-жоспаpлаpды әзipлеyге және  өз қолдаpынан шыққан заттаpды сатy бойынша маpкетологияны меңгеpyге жәpдемдеседi, жаңа мамандықтаp меңгеpтy бойынша кypстаp жүpгiземіз.

Біз аналарды қолдау мақсатында тегін шаш сәндеу, мейкап, кондитерлік өнімдер дайындау,  салқын тағамдар, салаттар мен шұжық әзірлеп үйрететін, тігін курстарын жыл сайын өткіземіз. Бұл үйде отырған аналарға үлкен көмек. Балалар күні мен Жаңа жылда тұрмысы төмен отбасылардың және мүгедектігі бар балаларға сыйлық таратып,  аквагрим, аниматорлар жалдап,  мерекелік шарада балмұздақ таратып қуантамыз. Жыл сайын тұрмысы төмен отбасылардың балаларын тегін сүндеттейтін акция ұйымдастырудамыз. 4 жыл ішінде 200 аса бала мұсылман болды.  «Шаңырақ» орталығы ашылғалы аналар әкімдікке, ХҚКО бармайды, біздің орталыққа келіп, кешенді қызмет алады.

Ұлттық кеңестің отырысында Президенттің алдында арендалық баспана, білім гранттары, денсаулық мәселелері бойынша баяндама жасадым.

Ерікті аналардан құралған «Талбесік» қозғалысы бүгінде кеңес беретін, қайырымдылық көрсететін орган ғана емес, Қазақстандағы барлық көпбалалы аналардың мәселесін көтеретін қоғамдық бірлестік деңгейіне көтерілді. «Талбесік» қозғалысы – ана мен баланы қорғайтын қоғамдық күш. Ұйымның мұндай деңгейне көтерілуіне азаматтық қоғамдағы белсенділіктің көмек көмегі болды. Сөзімді қорытындылай келе айтарым, қазіргі таңда азаматтық қоғамның сұранысы бәрінен жоғары тұруы тиіс деп ойлаймын.

Пікірлер