Серік Әбікенұлы. Әйнек ұлт

1702
Adyrna.kz Telegram

Күтпеген жерден ұсақ шыныдан кескін жасалып жатқанының куәсі болдым. Ақшыл пошымның маңдай тұсына қоп-қоңыр, дөңгелек әйнектерді қондырып еді қарашық пайда болды... үшкірлеу қызыл шыны езуге қонды... Көз алдымда, төрт бұрышты пластик тақтайшаның бетінде адам портреті пайда болып жатыр. Танауы пысылдаған, жап-жас жігіт бар–өнерін салуда. Қолаңшаш қыздың сүп-сүйкімді бейнесі айқындалып қалды. Кенет қолы тақтайшаның бұрышына тиіп кетіп еді әлі желімделмеген шынылар қиқы-жиқы болып, сұлу кескін жоқ болды. Менің көз алдыма қазақтың болмысы келе қалды. Біз де осы күні әйнек ұлтпыз–ау... Саясат атты тақтайшаның бетінде бос жатқан түрлі-түсті шынылардан кескінделуші, өзімізді өзіміз кескіндеуге күш салып жүрген халықпыз. Қай күні қай мықтының қолы тиіп кетіп, шашып жіберер екен?
Біздің жанымыз, жүрегіміз осы мозаика салушы жігіт сынды, болмысымыздың айқын болғанын қалайды. Содан барып жанталас туады... өз ұлтымызды алуан жиынтықтан жинауға талпынып жүрміз бәріміз жабылып. Қырғыздың кәстөмін киеміз, кәрістің теледидарын көреміз, жапонның көлігін мінеміз. Және соның бәрінен өзімізді іздейміз. Әсіресе жүйіткіген көліктегі қазақылығымыз тіптен қызық, жапондықтың артына руымызды әдемі, темір әріптермен шаптап қоямыз. НАЙМАН, АРҒЫН, АЛБАН, АДАЙ т.б жазуларды өзімізден басқа ешкім түсінбейтінін де білеміз. Бірақ, жанымызды жеген кемшіліктің орнын толтыру үшін, жарым көңілді алдау үшін жапсыра береміз. Тіпті, қалта телефонының ішінен қазақты іздейтін мүсәпір күйге түстік қазірде. «Нокианың» қытайлық нұсқасын ұстап алып, ішіне қазақ әуенін тықпыштаймыз. Көшеде біреудің телефонында жат ән ойнап қалса «халық жауын» көргендей жауыға қараймыз, ұлтын сыйламайтын опасызға санаймыз. Жалған патриотизм! Тұтастардың «сәлемдемесіне» анау-мынауымызды тықпыштап, өз ұтымыздың кескінін құрап алмақпыз.
Біз неге өткенге оралғышпыз? Өйткені, сонау бағзы заманда біз де ТҰТАС болғанбыз. Әлемге үзеңгіні, шарболатты, ақыр аяғы жарғақ шалбарды сыйлаған түркілердің тұяғы, эллиндер елін пәлсапасымен таң қалдырған Анақарыстай қырандардың қияғы едік... Мақтаншақ орыстың Апанастары Үндіге саяхат жасағанын жартылай түркіше, жартылай славянша шатпақтап жазып жүргенде біз Шығысқа әл Фараби, Қожа Ахмет Иассауй, Махмұд Қашқари, Қадырғали Жалайыр, Мұхамед Хайдар Дулати сынды көптеген алыптарды тарту етіп үлгерген Ұлы ел едік. Жаңалықшыл халық – жеңімпаз. Соның арқасында Иранда хандық құрдық, Баязитпен кескілесіп жүрдік, Бабырдың ат ойнатуының арқасында Үнді елінің ғажайыптарын білдік. Осының бәріне қол жеткізуімізге қарудың сан түрін ойлап таба алатын даралығымыз, мал мен жердің жайын тез барлап, тез бейімделетін даналығымыз себепкер болды.

Бір мысал келтірейін. Айналаны қылышпен иілтіп келген араб әскері қазіргі қазақ жеріне енгенде көшпенділер жүздігімен кезігіп қалыпты. Екі шет бір-біріне сес көрсетіп, алыстан жебе тартысады. Сонда араб қолбасшыларының аузы ашылған екен. Бұлардың садақшысы бір оқ атып үлгергенше, қиқулаған дұшпан бұларға қарай бес–алты жебе зулатады екен. Кейіннен мәселенің бәрі олардың қылшаны мен түркілердің қорамсағында екені анықталған. Қазақ жауынгерлерінің қорамсағында қақпақ, ауызбау деген болмайды, ал арабтың қанжығада салпақтап жүретін қылшанын міндетті түрде жабу керек. Араб садақшысы ашып-жауып әлек болып жатқанда көшпенді желкесінен суырып шығарып зырылдата берген. Осыны көрген арабтар «Бұл халықты соғыспен ала алмаймыз» деген байламға келіп, достасудың амалын іздейді. Атлақтағы шүршітке қарсы соғыста көшпенділер жағында болып, өр елдің көңілін табады. Осының арқасында күллі Далаға Исламды таратуға рұқсат алады. Сондықтан «қазаққа діннің еш қантөгіссіз кіруіне арабтардың мейірбандығы мен парасаттылығы әсер етті» деушілер көзқарасын қайта қараса болар...

Бірақ бұл басқа әңгіме. Айтпағым, біз жаңашыл, ойлап тапқыш халық едік. Ал, қазір... тіс шұқығышты қытайдан сұрап алатын күйдеміз. Өзімізді өзгелердің ұсақ түйегінің арасынан іздеп жүрген, қолымызға ілінгенінен бетбейнемізді салып алуды армандайтын елміз. Он екі ата Байұлы мен он екі ата Жалайырды айналдыра жазып қойсаңда жоғарыда айтқан жапон көлігі бәрібір жапондық болып қалады емес пе? Кәрістікі кәріске, немістікі неміске қызмет етеді. Ал қазақ... баяғы қара домбыра! Байғұсты сүйретіп барлық жерге апарамыз. Бірақ ол бізге кие болғанымен өзгелерге жай ғана музыкалық аспап. Күллі әлемді домбырашы ете алмаймыз. Ал, жапонның көлігін бәрі мінеді. Олардың заманауи технологияның піріне айналғаны баршаға аян. Демек берері көп. Ондайлармен санаспау мүмкін емес. Ондайларға ірі халық есебінде қарайсың амалсыздан. Ал, біздің күніміз «күйіміз болған еді, әніміз болған еді... болған еділеп» жоқтаумен, жылаумен өтіп жатыр. Мақтанарымыз теңіздей мұнайымыз еді, қытайға, орысқа, американдыққа сораптату арқылы оның да түбі көрінейін депті. Қалталыларымыз ақшасын ең құрығында ішкиім шығару өндірісін ашуға салса, шіркін... Олар да біздің бір бөлшек болғандықтан өткендегіні тірілтуге ғана тыраштанады, « әнді, айтысты қолдадым» деп атағын шығарады. Өткенді ұмытпау керек. Келісемін. Бірақ мойны кейінге бұрылған күйі қасарысып қалған адам алға қадам басса не сүрінеді, не бірдеңеге ұрынады. Ең құрығанда қаптап кеткен телефонның бір модельін өзіміз шығарсақшы...Ол «Қазақ», «Арғын», «Қыпшақ» атансын... бәрібір... бағасына, сапасына қарамай сатып алар едім. Және ішіне шетелдің музыкасын салар едім. Өзгелер өз музыкасын қазақтың телефонынан тыңдасын, «мынау мықты ұлт екен!» деп тамсансын, сыртындағы ою-өрнегіне сүйсінсін. Сондай қадамдар арқылы дүниежүзі атты тақтаның бетін жауып жатқан ірі кесектердің біріне айналар едік. Біреу әдейі сырғытпақ болып, бұрышынан краннмен жұлқыса да шашпақ түгілі қозғай да алмас еді.
Осыдан барып бүгінгі биліктің қазаққа не бергенін топшылауға болады. Қиқуы көп, нәтижесі жоқ. Сөзі көп, жиғаны дүние-боқ. Ел мұрасы мен мұратын сатып, көңілі тоқ. Ұлтын тұтастыра алса төрдегінің емпеңдеп келіп сәлем беретінін ұқпайды. Тағдыры тас тиген шыныдай шашырап кеткендердің барлығынан жүз қырық сынық жинап алып, өз ұлтына құдіретті желіммен жапсырып, жаңа халық қалыптастырмақ...
Жігіт қайта кірісіпті. Алақанымен сипалап, қиуы кеткен шыныларды қалпына келтіріп жатыр. Қыз бейнесі қайта қалпына түсе бастады. Бірақ көптеген сызықтар әжімдей көрініп, көркіне шіркеу болып тұр. Түбінде оның жиынтық образы сүйкімді болатынына шүбә жоқ. Бірақ ешкім төріне шығарып ілмес.

Пікірлер