Шетелден үш банк келсе, несие пайызы төмендей ме?

8777
Adyrna.kz Telegram

Президент Тоқаевтың жолдауында елге үш банктің келетіні айтылды. Бұл банктер  қарапайым адамдар үшін несие пайызын төмендете ме, әлде Назарбаевтар әулетінің бәсін төмендете ме? Жалпы шетелдік банктің пайдасы бар ма? Бұл туралы «Адырна» тілшісі мамандардан сұрап көрді.  

2023 жылы 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанға шетелден үш ірі банкті тарту керегін айтқан болатын.

"Банк саласының тағы бір проблемасы – жоғары концентрация. Бүгін де елде 21 банк бар. Десе де корпоративті несиелендірумен, яғни экономика жобаларын қаржыландырумен тек бірнеше ірі банк айналысады. Сол себепті аталған салада бәсекелестікті арттыру үшін елге шетелден сенімді деген үш банкті тарту керек", - деді Тоқаев.

Дегенмен, нақты қай банк келетіні әлі белгісіз. Бұл жаңалыққа қарапайым халық пен кәсіпкерлер «несиені аз пайызда аламыз» деп қуанса, ал отандық банк біраз әбігерге түсетіндей.

Айта кетейік, қазіргі уақытта 7,5 миллионнан астам адамның, яғни республиканың экономикалық белсенді халқының 77 пайызының қолданыстағы несиелері бар. Бірінші кредиттік бюроның мәліметіне сүйенсек, несиелердің жалпы сомасы 7,7 трлн теңгеге жетіп, өсім 30 пайыздан асқан. Соның 1,5 миллион адамы ағымдағы несиелер бойынша төлемді 90 күн немесе одан да көп күннен кешіктіріп жатқан көрінеді. Ал мұндай қарызды жаба алмаудың бір себебі - несиенің банк беретін пайыздық мөлшерінің жоғары болуынан. Бұл – экономист Жанұзақ Әкімнің пікірі.

«БАНК ЖҮЙЕСІНЕ РЕФОРМА КЕРЕК»

 - Бізде несиенің пайызы өте жоғары 23-30 пайызға дейін. Онымен, экономика дамымайды. Ол халықты қайыршы қылудың жолы. Той болсын, машина, үй болсын, несиеге алып, бәрі қарызға батып жүреді. Ол үшін банк жүйесіне реформа керек. Президент 3 банк тарту керек деді. Негізі 3 банк ештеңе шешпейді, кем дегенде 100 банк керек. Сонда бәсеке артады. Қазіргі банктер бәрімізге белгілі 3-4 олигархтың қолында. Сондықтан несиенің пайызы да өте жоғары, - деді Жанұзақ Әкім.

Аталғандай, Қазақстанда 21 банк болғанымен, оның 12-сі шетелдік капиталдың қатысуымен жұмыс істейді. Ал елге танымал ірі үш банктің иелігіне экс-президент Назарбаевтың отбасының қатысы бар екені жасырын емес. Олар қай банктер?

Елдегі ең ірі «Халық» банкі кәсіпкер Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаеваға тиесілі. Ал Динара – Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы. Бұл екеуі де «Форбс» тізімінен де, ел аузынан да түспей келе жатқан алпауыттар.

Соңғы уақытқа дейін елдегі активтері бойынша екінші банк – Каспи банкінің акцияларын басқа акционерлермен қатар Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалды иеленеді. Бүгінгі таңда компанияның негізгі акционерлері – Вячеслав Ким және Михаил Ломтадзе.

Ал жаңа әрі ұзақ тарихы бар Jusan Bank Қаңтар оқиғасына дейін Назарбаев Университеті тобына тиесілі болды. Бұған дейін банк экс-президент Назарбаевтың жақын серігі – Әділбек Жақсыбековтің меншігінде болған. Кейін Қаңтардағы дүрбелеңнен кейін банк ЖОО меншігінен ірі қазақстандық бизнесмендердің бірі Ғалымжан Есеновке өтті.

Кооперативті несиелендірумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен жоғарыда аталған және бірді-екілі ірі банктер ғана айналысады. Ал Қазақстанға шетелден үш банк келсе, Назарбаев әулеті басқарып отырған банктерге тойтарыс бере ала ма?

«БАНК ЖҮЙЕСІНІҢ АКТИВТЕРІ БІР ҚОЛҒА БІРІККЕН»

- Тоқсаныншы жылдардың ортасында бізде 145 банк ашылған еді. Кейін 2000 жылдардың басында жартысы қысқарған, 30-40 банк қалған. Бірақ Еуропаның, кейін Гонконгтың басқа да мемлекеттердің үлкен банктері Қазақстан экономикасына қызыққан еді. Кейінгі жағдайларда, олигархтардың банк жүйесін қолдарына алуына байланысты бізде көп банк 2008 жылдардығы дағдарыстан кейін жабылды. Сөйтіп, Қазақстанда бүгінгі күнде бар болғаны 21 банк жұмыс істеп отыр. Бұл банк жүйесінің активтерінің бір қолға біріккенін білдіреді. Олар Қазақстанның қиын жағдайына қарамастан, өте үлкен пайда тауып, кейін ол Қазақстан экономикасына несиелеместен, өздері бағалы қағаздар нарығынан, яғни қаржылық инвестициялар жасап, үлкен тәуекелге бармай пайда тауып отыр. Тәуекелі жоғары бизнестерге инвестиция салудың орнына халықтың тұтыну несиелерін беріп, оңай жолмен, өте жоғары пайызда табыс тауып отыр. Бұл жақсы емес. Сондықтан осылардың әсерінен президент шетелден үлкен үш  банкті шақыру мәселесін қойды», - деді сарапшы, экономист Сапарбай Жобаев.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНДАЙ БАНКТЕР КЕЛГЕНІ ДҰРЫС?

- Еуропалық даму және қайта құру банкінің үлгілерімен салынған банктер келу керек. Себеюі, біз Еуропалық банк жүйесінің мүшесіміз. Меніңше, бізге Түркияның бір үлкен банкі, Еуропаның, Американың, Оңтүстік Корея сынды мемлекеттердің ірі банктері келетін болса, Астана қаржы орталығы бұл жөнінде жұмыс істеп, шақырса болады. Ол банктерді шақырып, уәде беріп, кейін олардың инвестициясына салықтық жеңілдіктер берсе, олар келеді. Сонда бәсеке болады, одан біз тек ұтамыз, біздің банктер де, халық та ұтады. Экономика да жақсарады. Сондықтан шетелден келетін банктерден ешқандай қорқудың қажеті жоқ, - деді Сапарбай Жобаев.

«БІЗДІҢ НАРЫҚ БАНК ҚЫЗЫҒАРЛЫҚТАЙ ЕМЕС»

Ал белгілі экономист Мақсат Халықтың айтуынша, шетелден банк келгенімен, несие пайызы айтарлықтай төмендемейді. Себебі, олар Ұлттық банктың талап-ережесіне бағынады.

- Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке кіргеннен кейін, 2020 жылдан бастап, елімізге шетелдік банктердің барлығына кіруге мүмкіндік бердік. 2020 жылдан бері қарай қанша банк келді? Осы тұрғыдан келсек, егер әлемде банк қызығарлықтай ел болсақ, ынталылар баяғыда келетін еді. Қазіргі уақытта біздің нарық ел қызығарлықтай емес. Өйткені, бізде базалық пайыздық мөлшерлеме жоғары. Олар 3-4 пайызбен несие беретін болса, бізге келсе, олар жоқ деген кезде теңгені 16,5 пайызбен алады, сосын 20 пайыздың үстінде несиелендіретін болады. Сондықтан ондай қиын шарттарға кез келген банк келісе бермейді. Олар келсе, Ұлттық банктің талап ережелерімен жұмыс жасауы керек, - дейді Мақсат Халық.

Онда сырттан келеді деген банктердің қарапайым адамға тигізер пайдасы қандай болуы мүмкін? Оған экономистің жауабы мынандай.

 - Біріншіден, келетін банктер біздегі банктерге бәсекелестік туғызады. Әсіресе, корпоративтік мәдениет тұрғысынан. Өйткені, ол елдердегі банктерде корпоративтік мәдениеттері күшті, жұмысшыларына өте жоғары жалақы төлейді. Өзіндік жүйелі, сапалы қаржылық қызметімен ерекшеленеді. Әрине, біздің банктер де ай қарап отырмай, одан әрі дамуды көздейді. Осы жағынан келгенде шетелдік банктердің келгенінің пайдасы көрінеді. Әрине, корпоративтік секторларды бірден қаржыландырып кетуге де олар асықпайды.  Жалпы несиелердің пайызын төмендесін десек, біздегі базалық пайыздың төмендеуі шарт. Одан кейін екінші мәселе, ол банктерге ғана қатысты мәселе емес, жалпы базалық пайыз түсу үшін елде инфляция түсу керек. Ал инфляция төмендеуі үшін, елде өндіріс, фабрикалар дұрыс жұмыс жасауы керек. Айналып келгенде мәселенің мәнісі банк саясатына емес, үкіметтің жұмысына келіп тіреледі. Сондықтан үкіметтің саясаты дұрыс жүзеге асса, онсызда базалық пайыз түседі, - деді Мақсат Халық.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер