Асхат Қасенғали: «Домбыраны «харам» дейтіндер түбі ұлттың түбіне жетеді»

4677
Adyrna.kz Telegram
Фото: Facebook
Фото: Facebook

Белгілі саясаттанушы Асхат Қасенғали ұлттық аспаптарды “харам” дегендерге пікірін білдірді. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

“Домбыра біздің мәдениеттің бір бөлшегі. Егер домбыраны жоққа шығарса, онда жүздеген жылдық мәдениетті де жоққы шығару керек қой. Оның ішінде тек домбыра емес, жалпы музыка аспаптары бар. Өйткені «домбыра харам» дейтіндер «шариғат бойынша музыка аспаптарына тыйым салынған» дегенге сүйеніп айта береді. Ондай тұжырыммен қобызды да, жетігенді де,  қылқобызды да, басқасын да тыйым салынған деп айта салуға болады. «Домбыра – харам» дейтінге сенген адам, басқа ұлттық аспаптарымызды да жоққа шығарады. Бұл жалпы қазақ мәдениетін жоққа шығару. Бүйте берсе бұлар мектептен музыка пәнін алып таста дейтін шығар, одан кейін одан да зор талаптарын айта бастайды.

Егер «домбыра харам» деген тұжырыммен келіссек, онда біз Құрманғазыны да, Тәттімбетті де, Динаны да және басқасын да сызып тастайтын күн келеді. Ақан сері, Біржан сал және басқа серілік кезең тұлғаларын да сызып тастауға тура келеді. Кенен, Мұхит, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса және басқасын да сызып тастайтын сәт туады. Өйткені бұл тұлғалардың қолынан домбыра түскен емес. Бұл біздің мәдениеттің жарқын қайраткерлері және барлығы дерлік оны домбыраны қолдана отырып жасады. Күй шығарса да, ән салса да. Күй демекші, «домбыра - харам» десек, ендеше мыңдаған күйді де қоқысқа тастайсың. Әр күйдің өзіндік шығу тарихы бар, оның сюжеті бар, оның оқиғасы бар. Бұл тұнып тұрған тарих. «Соның бәрін жоққа шығар» деген месседж. Яғни тарихыңды да, өз ұлтыңның ғасырлар бойғы мәдениетін де өз қолыңмен жоясың деген сөз. Бұған дейін оны отарлаушылар жойып келсе, енді оны өзің ерікті түрде, өз қолыңмен жоясың. Бұл да жалпы отарлаудың жемісі, санаңды жат ағымның отарлауының нәтижесі”,- деді саясаттанушы.

Сондай-ақ, ол бұл біздің ұлттық болмысымызға жасалған шабуыл екенін айтты.

“Хәкім Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деді заманында. Сонымен бірге Абай «Май түні», «Майда қоңыр», «Торы жорға», «Абайдың желдірмесі» деген төрт күй шығарды. Яғни бізде дәстүр де, мәдениет те, дін де бірге, бір-біріне кедергі келтірместен, өзара баланста болып келді. Бірақ қазіргі кей азаматтар мен кей ағымдар біздің мәдениетті, ұлттық аспапты, салт-дәстүрді жоққа шығарады. Бұл біздің ұлттық болмысымызға жасалған тікелей шабуыл емес пе?! Біреуі оны ашық, дөрекі форматта жасайды, енді бірі майда негізде жеткізуге тырысады. Қандай формада айтылса да, түпкі ой бір.

Ұлттық мәдениетке, болмысқа, тарихқа, салт-дәстүрге қарсы, оны жоққа шығаратын, Наурыз сынды мерекені «теріс» дейтін, домбыра сынды аспапты «харам» дейтін жат ағымдар түбі ұлттың түбіне жетеді. Егер тыйым болмаса”, деп сөзін қорытындылады.

Пікірлер