Алатау баурайында «Болат Тұрлыханов Кубогы» өтеді

1694
Adyrna.kz Telegram

Дәстүрге айналған бұл турнир биыл жиырма бесінші рет өткелі отыр.

25-26 мамырда Алматы қаласы «Балуан Шолақ» атындағы спорт кешенінде грек-рим күресінен дәстүрлі халықаралық «Болат Тұрлыханов Кубогы» өтеді.

Алғаш рет жалауы 1994 жылы желбіреген бұл турнир биыл жиырма бесінші рет өткелі отыр. Әу баста Семей қаласында өтіп келген бұл турнирдің Алатау бөктеріне келгеніне де бірнеше жыл болды.

Бүкіләлемдік күрес кеңесінің (UWW) күнтізбесіне енгізілген «Болат Тұрлыханов Кубогы» тек олимпиадалық алты салмақта(59, 67, 77, 87, 97 және 130 келі) өтеді.

Биылғы дүбірлі додаға еліміздің үздік палуандарымен қоса грек-рим күресінде әлемде көшбасшы елдер саналатын Ресей, Иран, Корея, Армения, Беларусь, Қырғыстан, Өзбекстан және тағыда өзге елдердің күрес шеберлері қатыспақ. Жоғарыда аталған елдер қатарында бірнеше Әлем және Олимпиада чемпиондары қатысады деп күтілуде.

Жарыстың құрметті қонақтары қатарында Александр Карелин, Камандор Маджидов, Ким Ен Нам, Жақсылық Үшкемпіров сынды күрес әлемінің тірі аңыздары бар.

Бүкіләлемдік күрес кеңесінің (UWW) ресми сайтының хабарлауынша, турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне медальдар мен дипломдар табысталады. Ең бастысы ұйымдастырушы комитет үздік балуандарға арнайы қаржылай сыйақы дайындалған.

Бүгінгі күнге дейін жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырып келгендер биыл да өз биігінен көрінуді жоспарлап отыр. Дәстүрге айналған турнирдің жыл сайын табысталып келе жатқан қаржылай сыйақысы төмендегідей.

1 орын - 3 000 АҚШ доллары
2 орын - 2 000 АҚШ доллары
3 орын - 1 000 АҚШ доллары

Биыл «Балуан Шолақ» спорт кешеніне палуандарды қолдауға келген жанкүйерлерді де құр қол қайтпайды. Ұйымдастырушылардың сөзінше жанкүйерлерді де бағалы сыйлықтар күтіп тұр.

Еске салайық, Болат Тұрлыханов - Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Семей өңірінде дүниеге келіп, 1956 жылы Қазақ дене шынықтыру институтын тәмамдаған. Саналы ғұмырында талай сақа палуандарды баптап, оларды күрескерлік рухқа, жеңіске деген ерік-жігерлілікке, төзімді болып алға жылжуға, биік мақсат қоя біліп, асқақ арманға жетулеріне жетелеген.

Суреттер Prosports.kz сайтынан және ғаламтордан алынды.

Пікірлер