Өзбекстан Сенаты көп әйел алуды насихаттауға және бетін тұмшалайтын киім киюге тыйым салуды мақұлдады

1537
Adyrna.kz Telegram

Өбекстанда көп әйел алуды насихаттауға және әйелдер мен ерлердің теңдігін жоққа шығаруға тыйым салатын заң мақұлданды, деп хабарлайды "Адырна" Газета.uz басылымына сілтеме жасап.

Өзбекстан Сенаты 45-ші жалпы отырысында Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерге некені тіркемеу, көп әйел алуды насихаттау, сондай-ақ қоғамдық орындарда жеке басын анықтауға мүмкіндік бермейтін дәрежеде бетін жауып жүргені үшін жазаны көздейтін түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы заңды мақұлдады.

Жаңа заң азаматтардың ұлттық, нәсілдік, этникалық немесе діни белгілері бойынша артықшылығын немесе кемшілігін насихаттағаны, сондай-ақ неке заңда белгіленген тәртіппен тіркелмеген адамдар арасында діни неке қию рәсімін жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жазаларды белгілейді.

Сенат баяндамасында соңғы уақытта Өзбекстанда діни некелердің саны артып, көп әйел алу фактілері орын алып жатқаны айтылды.

«Көп әйел алуды насихаттау және оның «пайдасы» жарнама, ойын-сауық және аналитикалық материалдар арқылы да таралуда. Соның салдарынан некесіз туылған балалардың саны да көбейіп кетті»,- деп айтылды Сенат отырысында.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2020 жылы Өзбекстанда жалғызбасты аналар 16 564 баланы өмірге әкелсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 18 955 балаға жеткен.

"Түзетулер "Өзбекстан халқының ғасырлар бойғы тарихы мен мәдени дәстүрлерін ескере отырып" әзірленді",-деп атап көрсетілген Сенат хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, заң шығару палатасы бұл заңды 5 қыркүйекте қабылдаған болатын. Түзетулердің күшіне енуі үшін заңға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзеев қол қоюы керек.

Пікірлер