Бүгін - Халықаралық қарттар күні

1360
Adyrna.kz Telegram

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл күнді бүкіл әлем тойлатуда.

Қарттар күні 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында ресми бекітілген. Біріккен Ұлттар Ұйымы келтірген дерекке сәйкес әлем бойынша жасы 60-тан асқан азаматтардың саны 1 миллиардтан асады екен. Ал бұл көрсеткіш 2050 жылы 1,5 миллиардқа жетуі мүмкін.

Ал Қазақстанда зейнет жасындағы тұрғындардың саны 2,3 миллионнан астам. Қолданыстағы заңға сәйкес, Қазақстанда ерлер 63 жасында, ал әйелдер 2028 жылға дейін 61 жасында зейнетке шығатынын еске салайық.

Қазақстанда қарттарға бірқатар қолдау көрсетіліп келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, аталмыш мейрам аясында Астана қаласы, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарындағы қарттарға 2-ден 10 АЕК мөлшерінде  234 мың қарияға біржолғы материалдық көмек көрсетілген.

Аға­ ұрпақтың қоғам өмір­­і­не қосқан үлесіне шынайы ризашылық біл­діріп, қам­қор­лық­ көрсететін ерекше­ мейірімге толы күн қарсаңында бірқатар облыстарда да шаралар өтіп жатыр. Алматы, ШҚО, Жамбыл, Түркістан, Абай және Ұлытау облыстарында мерекелік азық-түлік себеттері табысталса, қарттарды әлеуметтік қолдауға шамамен 4,6 млрд теңге бағытталған.

"Қарты бар елдің қазынасы бар" деп бекер айтылмаған. Қариялардың кеудесі – іші толы алтын сандық.  Өмірлік тәжірибесі мол, көпті көрген қариялар ел ішілік, туысаралық, отбасылық үлкен дауларды, мәселелерді шешіп, дауды өз ақылымен тоқтатып отырған.

Сондықтан қарттарын қадірлеген ел ардақты екенін естен шығармайық!

Пікірлер