Қаңтар оқиғасынан соң. Әкімдікті жөндеу құны 17 млрд теңге болған

1491
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері журналистерге толықтай дерлік қалпына келтірілген әкімдік ғимаратын көрсетті, деп хабарлайды "Адырна" порталы. Бұл туралы khabar.kz жазды.

Көпке мәлім болғандай, ол 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде өрттен қатты зардап шеккен. Бүгінгі таңда төрт павильонның үшеуі толық қалпына келтірілді, қызметкерлер қазірдің өзінде онда жұмыс істей алады.

Алматы әкімдігінің өртенген тарихи ғимаратын қалпына келтіру үшін 17 миллиард теңге жұмсалып, мердігер құрылыс ұйымдары қызметкерлерінің бір жыл жеті ай күндік тынымсыз еңбегі қажет болды. Қайта құруға қаражат республикалық бюджеттің резервтік қорынан түсті.

[caption id="" align="alignnone" width="1081"]Алматы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіруде өртке төзімді материалдар пайдаланылды фото: Алматы қаласы әкімдігі сайты[/caption]

Естеріңізге сала кетейік, өрт салдарынан ғимараттың 80 пайызы қирап қалды. Өрт 6 қабат пен 4 павильонды шарпыған. Өртке қарсы жүйенің іске қосылуы салдарынан жертөледен су ағып кеткен.

"Қайта жөндеу кезінде тарихи сәулет келбетін барынша сақтауға тырыстық. Бұрынғы фотосуреттермен салыстыратын болсақ, бәрі сол күйінде сақталған. Мұнда өзгерген жалғыз нәрсе - кеңейтілген бірінші қабаттағы қабылдау бөлмесі" деді Алматы қаласы әкімі аппаратының жетекшісі Бейбіт Шаханов.

Әкімдіктің қасбетіндегі ескі кеңестік бес бұрышты жұлдыздар мемлекеттік рәміздері бар барельефтермен ауыстырылды. Қалпына келтіру кезінде маңызды критерий азаматтардың барлық санаттары үшін жайлылық пен кедергісіз ортаны қамтамасыз ету болды. Атап айтқанда, электр лифтілері, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ванна бөлмелері және қозғалыс мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы құрал-жабдықтар – белгілер, пандустар, шақыру түймелері, Брайль әліпбиі пайда болды. Әкімдіктің бірінші қабаты Open Space Almaty концепциясына сәйкес қайта жаңғыртылды.

Жаңартылған әкімдік ғимаратында өрттен зардап шеккен жиһаздар толығымен қалпына келтіріліп қана қоймай, жаңа қызмет түрлері де пайда болды. Мысалы, бірінші қабатта фронт-офис немесе қоғамдық қабылдау бөлмесі ашық. Азаматтар осында келіп, арыз-шағымдарын қалдыра алады немесе тиісті мамандармен кездесіп, қажетті кеңестер ала алады.

Жаңартылған әкімдіктегі кеңселердің конфигурациясы, көлемі мен орналасуы өзгеріссіз қалды. Ғимаратта барлығы 700 орындық 360 кеңсе бар. Мұнда 14 басқарма мен Алматы қаласы әкімінің аппараты орналасады. Инженерлік бөлігі толығымен жаңартылды - тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері цифрландырылды. Сондай-ақ ғимаратта электронды құжат айналымы жүйесінде сақтауға арналған қуатты сервер орнатылған.

"Қауіпсіздік жүйелеріне сәйкес ғимараттың барлық периметрі мен барлық ішкі кеңістіктері камералармен жабдықталған. Бұл ғимаратта барлық келушілердің қозғалысын қадағалауға мүмкіндік беретін бейнеқабырға бар. Адамдар мен әкімдік қызметкерлерінің кедергісіз өтуі үшін қашықтан қол жеткізуді басқару жүйесі де қолданылды. Face ID жүйесі пайдаланылады. Бұл, шамамен айтқанда, сәйкестендіруді қажет етпейді. Сканер бетті оқып, кімнің, кімге, қандай мәселе бойынша келгенін көреді" деп жауап берді құрылыс компаниясының бас директоры Әміржан Нәбиев.

Қала әкімшілігі барлық қызметкерлердің жөндеуден өткен ғимаратқа көшуіне шамамен екі апта қажет дейді. Тағы бір жарым айда құрылысшылар төртінші павильонды – 450 орындық конференц-залды қайта жөндеуден өткізеді. Әкімдік биылғы жылдың соңына дейін толыққанды жұмысқа кіріседі.

Айта кетейік, жаңа әкімдік жұмысқа дайын болғанымен қарсы беттегі ғимараттың бір бөлігі матаға ораулы күйде тұр. Ондағы жөндеу жұмысы қашан аяқталары белгісіз.

Пікірлер