Көшқалиевтің қажеті қанша? Атырау облыстық Дін істері басқармасының жауабынан туған сауал

1254
Adyrna.kz Telegram

2023 жылдың 5 қыркүйегі күні Адырна ұлттық порталында "Атырау әкімдігі дін ісінде неге зайырлылық танытпайды?" деген мақала жарияланды. Сол мақалада Конституциямыз бойынша мемлекетіміздің ешқандай дінге басымдық бермейтіні, соған қарамай Атырау облысы Дін істері басқармасы негізгі міндетінен ауытқып, «Азан» атты діни бағыттағы радио ашқалы жатқаны туралы сөз болған еді. Адырна порталы сол материалды дайындау барысында туындаған сауалдарды Дін істері басқармасына жолдаған болатын. Олардан әлеуметтік желіге сілтеген жауап келді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Адырна» ұлттық порталының сауалдары мынандай болған:

1. Конституцияда мемлекетіміздің ешқандай дінге басымдық бермейтіні тайға таңба басқандай жазылған. Мемлекеттік мекеменің қаржыландыруымен "Aзан" атты ислам діни негізіндегі интернет-радио ашу сол Ата-заңда көрсетілген зайырлылық талаптарын бұзу емес пе?

2. Мемлекеттің әлеуметтік тапсырыс аясында дін насихаттайтын радионы қаржыландыруы қаншалықты заңды?

3. Жат діни ағым идеологиясына қарсы иммунитет қалыптастыру үшін бұқаралық ақпарат құралын ашып, дін мен дәстүрді сабақтастыра насихаттау басқарманың құзіретіне кіре ме?

4. "Азан" деген діни рәсімге, атап айтқанда мұсылмандыққа ғана қатысты сөз. Мұсылмандар намазға жамағатты шақыру үшін азан айтады.  Демек осы бір радиоға атау болған діни сөзден-ақ облыстық дін істері басқармасының мемлекеттік зайырлылық ұстанымын аяқ асты етіп отырған жоқ па?

Төрт сауалға да заңдық негізге сүйеніп, жауап жазылуы керек еді. Ал, Дін істері басқармасы басшысы Қ.Көшқалиев болса, ресми жауабында әлеуметтік желіге сілтеген.

"Атырау облысы Дін істері басқармасы 2023 жылғы 22 қыркүйектегі №ЗТ-2023-01861504 өтінішіңізді қарап, дін басқармасының жүргізіп отырған жұмыстарына байланысты туындаған мәселелердің жауабын біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымыздан қарап, жалпы мағлұмат алуға болатынын хабарлайды. Сонымен қатар, жаңадан ашылған радионың мақсатын «Азан Атырау» радиосының azan_radiosy инстаграм парақшасы арқылы радионың барлық бағдарламасымен танысуға болатынын қаперлеріңізге саламыз" деп жауап қатқан.

 Ал желідегі парақшаларынан сұрақтарға лайықты жауап таба алмадық.

Жоғарыдағы заңдық тұрғыдағы сауалдарға әлеуметтік желі мен радионың бағдарламалары жауап бере ала ма? Сонда Көшқалиев сұрау салғандардың бәріне "әлеуметтік желіден оқи салыңыз" дей ме? Мемлекеттік қызметкер нақты сұраққа нақты жауап беруі керек емес пе?

Жат діни ағыммен күресіп, зарарлы діни топтарды заң аясында ауыздықтауға міндетті мемқызметкердің міндетін әлеуметтік желі атқарар болса, Көшқалиевтің қажеті қанша?

Қанат Бірлікұлы
«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер