СЕРІК ӘБІКЕНҰЛЫ: Үміт ұрлаушылар. Әсіредіншілдікке адам неге сақтықпен қарайды?

1323
Adyrna.kz Telegram
ашық дереккөзден
ашық дереккөзден
Әсіредіншілдікке адам неге сақтықпен қарайды? Әркімнің әртүрлі себебі бар. Менің досым бар еді, самбодан спорт шебері, оқыған-тоқығаны көп, білімді болатын. Қаладан зәулім үй салып, бизнес ашты. Бірде досым жол аптына түсіп басын рульге қатты ұрып алады. Екі иығына екі кісі мінетін еңгезердей жігіт әуелде мұны елемейді. Кейін бір-екі мәрте көзі бұлдырап, құлап қалыпты. Содан барып,басын түсірсе, ұрылған жерге түйір қан ұйыған екен, айналасы сулана бастапты. Мықты деген дәрігерлерге көрінді. Бәрі ”Түк емес, асқындырмай сылып тастау керек” - деді. Мақұл! Досым келісіп, дайындала бастаған. Жоспарлы мерзімі белгіленді.
Операциясына керек ақшасын реттеп жүрді… Міне осы кезде сақалды сайтан сап ете қалды. Хәл сұрау үшін үйіне барғанда басына ақ тақия киген қауға сақалды көргенде күдіктенбеп едік. Келесі барғанда досымыздың өзі сондай тақия киіп, сақал қоя бастағанынан секемдендік. Мыналар операция деген бос сөз, садақа берсең Құдай құлан таза айықтырады деді. Сондай титімдей дүниеге бола басымды аштырам ба? деп бет қаратпайды. Достар жиналып барып бірнеше рет сөйлестік, болмады. Операция мерзімі өтіп, жайына қалды. Бірде барсам үйінде жоқ. Келіншегі: Ол кісі мешіттен шықпайды, енді дін насихаттаймын деп ел аралап кетті, деді. Үш ай… әр күні санаулы пенде үш ай қаңғып жүрді. Алланың сақтанғанды ғана сақтайтынын ұмытып, ұстазына Құдайдай сеніп, жанына медет тілеп дін таратты. Емге деген ақшасын мешітке құйды, құдайы таратты.
Бірде өзі үйге келді: Секе, мен қажылыққа кетіп барамын, ренжи бермей ақ жол тілеші, - деді. Дерті асқынып бара жатқаны жүзінде тұр еді. Ет піскенше әңгімелестік, болмайды. Ақыры ол Діни басқарманың бір бөлмесінде құдайы тамақ беріп, шығарып салдық. Сол сәтте ұстазына: Сырқат жанды сонша неге сүйрейсің? - деп қатқылдау сөйледік. Біздің жігіттердің алара қарағанына шыдамай “ұстаз” тез тайып тұрды. Ал досымыз парызын өтеуге аттанды…
Ұялы телефон шыр етті, досым екен. Қажылықтан оралыпты.
- Қайдасың?
- Ауылға кетіп барамын.
- Қаладан шығып кеттің ба?
- Жоқ.
- Сол жеткен жеріңде тұра қалшы, қазір барамын?!
Кездестік. Зәмзәм суын, тәспі әкепті. Күлімдеп, қолыма ұстатты. Көзінде бір мұң бар. Онысын келесі апта, қажы-досқа үйден дәм татырғанда айтты. Қағбаны айналып жүргенде қапырыққа шыдамай талып қалыпты. Есімді жисам мәйітханада екенмін, бетіме ақ шүберек жауып, башпайыма фамилиям жазылған бирка іліп қойыпты, көп өліктің ортасында денем шошып жатып менің Меккем - Кегенім екенін түсіндім. Арабтың құмында қалғаннан қорықтым, Ақшоқыдан ауылыма қарап жатсам арманым бар ма, ең құрығанда қазағым бет сипап, топырақ алып тұрады ғой, - деді ол. Күдер үзбе дедік. Дәрігерге қайта барып едік күтімсіз жүргендіктен кесел тез асқынып, ісік мидың екі бөлігіне тамыр жайыпты. Суретке қараған көп хирург қорықты, тек Ақшолақов қана тәуекел етті. Шипагерлігімен танылған маманның өзі досымыздың өмірін жарты жылға ғана ұзарта алды… Даңқты балуан қырыққа жетпей жығылды. “Ұстаздар” жығып берді. Оларды біз операция кезінде де, досымыз төсек тартып жатып қалғанда да, жер бесікке бөлегенде де көрген жоқпыз. Садақаны қалтасына сықай салған шәкіртке топырақ салуға келмеді. Кім білсін, оларда топырақ салу харам шығар…
Олардың миссиясы адам науқастан құлағанда тәмам болған. Бұны неге жаздым, діндарлар үміт ұрлаушыға айналды. Осы оқиғада өңшең шала сауатты дүмше шибөріше шулап жүріп, досымыздың, оның ағайын, дос-жаранының үмітін ұрлады. Әлем әдебиетін, қазақ әдебиетін қопара оқыған, тілдескенді шешендігімен таң қалдыратын азаматты аз уақытта суқараңғы соқыр сенімге арбап түсірген зымияндықтарына қайран қаласың. Мешітке барсаң жастарға білім ал, сабақ оқы, сабақтан қалма демейді, ақыретіңді ойла, намаз оқы, намаздан қалма дейді. Кембриджді қайтесің, ақыры көрге кіресің. ҚазҰУ-ға барып білім алғанша “ұстазға” барып уағыз тыңда, дін тарат, дауғат жаса. Өстіп жастардың алдындағы арман қақпасын жауып, ертеден-кешке дейін мешіт ауласынан шықпайтын лек дайындап жатыр. Бұл мұсылмандық па?

 

 

 

 

Пікірлер