Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыс алынып тасталды — Тоқаев

3574
Adyrna.kz Telegram
Сурет: akorda.kz
Сурет: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтап, ұстаз болудың қастерлі міндет екенін айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Ұстаздар күні құтты болсын! Бүгін, шын мәнінде, өте маңызды жиын. Себебі ұстаз – ең алдымен, қадірлі маман. Ал ұстаз болу – қастерлі міндет.

Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты.

Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет»,—деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріліп отырғанын атап өтті.

«Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды.

Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді.

Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз»,—деп түсіндірді ол.

Президент баяндамасында елімізде 5 мың педагог жетіспейтінін де мәлімдеді.

«Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар.

Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет»,—деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікірлер