Риддерде Киров ескерткіші қалпына келтірілмек

1847
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Ирина Польская
Сурет: Ирина Польская

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында Ресей революционері Сергей Кировтің ескерткішін қалпына келтіру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі YK-news.kz-ке сілтеме жасап.

«Сәуір айында қала билігі Киров ескерткішінің тұғырының бұзылуына байланысты оны алып тастау мүмкін екенін айтқан еді. Енді ескерткішті қалпына келтіру туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.

Ескерткіш ұзақ жылдар бойы ешкімге керек болмады. Ол қала орталығында орналасқанымен, бірте-бірте реңі кете бастады. Бастамашыл топ қаладағы тиісті органдарға хат жазып, тозығы жеткен ескерткішті өз қаражатына жөндейтіндіктерін айтқан. Жазда жұмыс басталып, Киров мүсіні бояуға дайындалды. Бірақ кенеттен бәрі тоқтап қалды. Күні кеше еріктілер жұмыстың қайта жалғасатынын, келесі аптаның соңына дейін Сергей Мироновичтің мүсіні қайта боялатынын жеткізді. 10 қарашаға дейін қираған тұғыр қалпына келтіріледі»,— деп жазды басылым.

Сергей Киров — Ресей революционері, кеңес мемлекеттік және саяси қайраткері. Ол 1934 жылдың 1 желтоқсанында қастандық жасау нәтижесінде мерт болды. Кировтің өлімі «Үлкен террор» атымен танылған жаппай репрессияның басталуына түрткі болды.

Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында Владимир Лениннің ескерткішін қалпына келтіруге қарсы петиция пайда болған еді. Бұл мүсін 15 тамызда Алтай қаласының орталық алаңдағы жөндеу жұмыстары кезінде абайсызда құлап кеткен болатын. Мердігер компания жұмыс барысында «ескерткіш өздігінен құлағанын» айтты. Кейін Қазнетте куәгерлердің бейнежазбасы пайда болып, онда жүк көтергіш техниканың айбайсызда мүсінге қалай тиіп кеткені көрсетілді. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 203-бабының 1-бөлігі (ерекше құнды заттарды қасақана жою, алу немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Пікірлер