Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құрылады - Тоқаев

1454
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше елдер арасындағы көпжақты ықпалдастықта орыс тілі ерекше рөл атқаратынын айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

– Биыл ТМД-да «орыс тілі жылы» деп жариялануының символдық мәні бар. Сонымен қатар біз бүгін орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы Шарт пен Жарғыға қол қою жөнінде тарихи шешім қабылдаймыз. Бұл ұйым дербес халықаралық құрылымға айналады, құқық субъектісі ретінде танылады. Жаңа ұйым барлық ел үшін ашық болады. Әрине, бұл – жаһандық гуманитарлық ынтымақтастық тұрғысынан өте өзекті. ТМД кеңістігінде және одан әлдеқайда кеңірек халықаралық ауқымда орыс тілін насихаттау үшін қабылданып жатқан шаралар елдеріміздің ұлттық бірегейлігін нығайту үрдісіне кері әсер етпейді. Қазақстан қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін күшейту саясатын жалғастыра береді, – деді Мемлекет басшысы ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында .

Сондай-ақ президент Достастық елдерінің волонтерлер бірлестіктерінің күш-жігерін жұмылдыру маңызды екеніне назар аударды.

– 2024 жылды ТМД-да Волонтерлік қозғалыс жылы деп жариялау бастамасын құптаймыз. Қазақстан 2020 жылды Волонтер жылы ретінде атап өтті. Еріктілердің ізгі амалдары қоғамымызда тілеулестік, мейірімділік және жанашырлық қасиеттерінің терең тамыр жаюына елеулі үлес қосады. Мұндай адамгершілік талпыныстарға жан-жақты қолдау көрсету маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікірлер