ДҮЙСЕНӘЛІ ӘЛІМАҚЫН: «Қара жорға» қазақтікі екен. Алампиевтің суретті жазбасы - тағы бір тарихи дерек...

1755
Adyrna.kz Telegram
АҚШ астанасындағы Джордж Вашингтон университетінің зерттеушілерге арналған кітапханасын аралап жүріп, Қазақстан туралы жазылған бір кітапқа көзім түсті. Атауы ағылшын тілінде «Soviet Kazakhstan», қазақшаласақ «Советтік Қазақстан» деп аталады.
1958 жылы Мәскеудегі шет тілдері баспасынан жарық көрген бұл кітапты П.Алампиев атты орыс ғалымы жазыпты. Ол негізінен экономикалық географияның, Қазақстанның эконо­микалық географиясының, халықаралық социалистік еңбек бөлінісінің жалпы мәселелеріне арналған зерттеулер жасаған санаулы ғалымдардың бірі екенін де білдік. Бізді қызықтырғаны оның Қазақстанға қатысты кітабы болды. Он бес тараудан тұратын бұл еңбек тұтасымен кеңестік кезеңдегі Қазақстанның экономикалық, өндірістік, аймақтық бөлінісіне арналыпты. Тіпті Алампиев патша үкіметінің кезінде қазақтарды «қырғыздар» деп жаңсақ атағанын да жасырмай алға тартады.
Аталған еңбектің 111-бетінде: «Француз журналисі Мичел Дебонне қазақтармен кездескен соң, бұлар өте сауатты, мәдениетті, ақылды, қонақжай, сыпайы халық екен» деп әсерленгенін тілге тиек етеді. Шоқан Уәлиханов туралы айта келе, 1955 жылы 1172 қазақ күллі республика бойынша ғылымның әр саласында еңбек етіп жүргенін жазады. Зерттеу кітабының 137-бетіндегі бір сурет бізді бейжай қалдырмады. Суретте атқа мінген қазақ жігітіне басында үкілі тақиясы бар, қос бұрымын өрген, үстіне қазақы оюлы көйлек киген қазақ қызы қымыз ұсынып тұр. Автор бұл суреттің түсіндірмесінде: «Қазақ мемлекеттік ән-би ансамблі «Қара жорға» биінен көрініс қоюда» деп жазыпты.

1958 жылы Мәскеуде жарық көрген кітапқа «Қара жорға» биі туралы сурет жайдан-жай енбейтіні анық. Әр жазбасына лупамен үңіліп, екі өлшеп, бір пішетін орыс ғалымы да бұл деректі зерттеу кіта­бына тегін қоспаса керек. Ендігі мәселе Петр Алампиевтің бұл кітабындағы «Қара жорға» туралы суретті жазбасын осы би хақындағы тағы бір маңызды тарихи дерек деп қабылдау болмақ.

 

 

Пікірлер