Жамбыл облысында 9 айлық бала емізік жұтып қойған

1419
Adyrna.kz Telegram
фото: Madres Hoy
фото: Madres Hoy

Жамбыл облыстық балалар ауруханасының хирург дәрігерлері тоғыз айлық баланың ішегінен емізік алып шықты. Бөтен зат баланың ішкі-құрылысында бірнеше күн болған. Дәрігерлер де бала ішіндегі емізікті бірден анықтай қоймаған. Бұл туралы Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Ауруханаға жедел жәрдем көлігімен 9 айлық нәресте ауыр халде жеткізілген. Анасының айтуынша, бала үйінде ойнап жүріп, кенеттен есінен танып құлап, басынан жарақат алған. Біршама уақыттан кейін нәрестеде лоқсу, көпреттік құсу пайда болып, ауруханаға жеткізілген.

Дәрігерлер шағымдарды ескере отырып, 9 айлық баланы бас-ми жарақаты диагнозымен нейрохирургия бөлімшесіне жатқызады. Бірақ қаншама ем-дом жүргізілсе де, нәрестеден өзгерістер байқала қоймаған соң, оны жедел түрде хирургтар да қарап, арнайы инструментальды зерттеу жүргізеді. Нәтижесінде нәрестеге «Жедел ішек өтімсіздігі» диагнозы қойылады.

Алайда, нәрестенің іш қуысы мүшелерін рентген және УДЗ түсіріліп, баланың ішегінде белгісіз заттың тіреліп тұрғаны белгілі болған.

Оқиға барысында, дәрігерлер баланың ойнап жүріп соска жұтып қойғанын анықтады. Науқасқа шұғыл түрде іш қуысына операция жасалды. Хирургиялық араласуды хирургия бөлімінің меңгерушісі Қанат Дүйсебаев, хирург Дәурен Бағыбаев және анестезиолог Еркін Тұраров жасады.

«Соска «қосалқы» ішектің ішінде орналасқан және асқазан-ішек жолдарының қалыпты жұмысына кедергі келтірді. Мамандар нысанды алып тастап, ішек жұмысын қалпына келтірді. Операциядан кейінгі бірінші күні сәби жансақтау бөлімінде болса, қазір хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр», – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.

Операциядан кейінгі алғашқы тәулікте жансақтау бөлімінде болып, қазіргі уақытта ота бөлімшесінде ем қабылдауда. Білікті дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен көмегінің арқасында бүгінде нәрестенің жағдайы жақсы. Нәрестенің ата-анасы ақ халатты абзал жандарға ерекше ризашылығын білдіруде. Дәрігерлер осындай жағдай орын алған жағдайда, уақыт жоғалтпай, бірден емдеу мекемесіне алып бару керек екенін ескертеді.

Сондай-ақ балаларға жұтып қою мүмкіндігі бар заттарды бермеуге, ұсақ-түйек заттармен оларды ойнатпауға және назарда ұстауға кеңес береді.

 «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер