Президент: Қазақстан лаңкестік әдістерді қолдануға үзілді-кесілді қарсы

1322
Adyrna.kz Telegram
Aqorda
Aqorda

Мемлекет басшысы ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Қазақстанның санкцияларға қатысты ұстанымын айтты, деп "Адырна" тілшісі Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан Президентімемлекет басшылары бас қосқан жиында қонақжайлық көрсеткені және ТМД-ға төрағалық ету барысында Қырғызстанның табысты жұмыс атқарғаны үшін  Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа алғыс айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы геосаяси қайшылықтардың шиеленісе түскенін атап өтіп, әлем экономикасында тұрақсыздық күшейгенін айтып, мемлекеттің әл-ауқатына кері әсер ететін экономикалық санкцияларды қолдануға түбегейлі қарсы екенін жеткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отырыс барысында Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалға қатысты пікір білдірді:

–Қазақстан халықаралық өзекті проблемаларды шешу үшін лаңкестік әдістерді қолдануға үзілді-кесілді қарсы. Ондаған жыл бойы шешімін таппай келе жатқан міндеттерді жүзеге асыру үшін бейбіт азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетіп, террорлық акциялар жасауға болмайды. Бұл – еш ақтауға келмейтін әрекет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ТМД жанындағы Серіктес және Бақылаушы мәртебесінің бекітілуін бүгінгі отырыстың айтулы оқиғасы ретінде атап өтті. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазіргі тоқырау жағдайында әмбебап ұйымның өкілдік аясы анағұрлым кең органы саналатын БҰҰ Бас Ассамблеясының рөлін күшейтуге мүмкіндік бар әрі қажет деп есептейді.

–Бұл ретте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ісінде асығыстық танытуға болмайды. Біздің ойымызша, бұл маңызды органға әлемнің барлық аймағының елдері, соның ішінде жаһандық Оңтүстік мемлекеттері мүше болуға тиіс. Шын мәнінде, бұл ұстанымды осы жиынға қатысып отырған мемлекеттер басшыларының барлығы құптайтыны қуантады", – деді Президент.

Пікірлер