35 жастағы Даниэль Нобоа Эквадор президенті болып сайланды

1238
Adyrna.kz Telegram
фото: Franklin Jacome
фото: Franklin Jacome

Жексенбі күні Эквадорда кезектен тыс өткен сайлауда жаңа президент болып Даниель Нобоа сайланды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Азаттық радиосының мәліметінше, бәсекелесінен төрт пайыз көп дауыс алған 35 жастағы Нобоа Эквадор тарихындағы ең жас президент болады. Айта кетейік, Нобоадан бұрын, тарихта 21 жастағы Рафаэль Мария де ла Крус Химена 19 ғасырда үш күн президент болған.

Даниэль Нобоа – Эквадор саяси сахнасына шыққан жаңа тұлға саналады. Әкесі, ірі бизнесмен Альваро Нобоа президент сайлауына бес рет қатысып, бесеуінде де жеңілген.

Жаңа президенттің басты міндеті – коронавирус індетінен кейінгі экономиканы қалпына келтіру және Эквадорда өршіп тұрған қылмыспен күресу. Нобоа сайлау алдындағы бағдарламасында жастарды саясатқа көбірек тартатынын, жастарға жаңа жұмыс орындарын ашатынын айтқан.

Биыл мамырда президент Гильермо Лассо ұлттық ассмамблеяны таратып, өзі де қызметінен кеткен соң Эквадорда мерзімінен бұрын сайлау белгіленген.

Лассоға қарата «мұнай тасымалына байланысты жемқорлыққа қатысы бар» деген айыптаулар көбейген соң ұлттық ассамблея оған импичмент жариялау мәселесін көтерген. Осылайша Нобоаның президенттік мерзімі небәрі 17 ай ғана болады, яғни бұрынғы президенттің қалған мерзімін атқарады. Нобоа 2025 жылы мамырда өтетін келесі сайлауға қатыса алады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер