«Митингі өткізуге жол бермейміз!» Министрліктің мереке күнгі жұмысы белгілі болды

3618
Adyrna.kz Telegram
фото: Оркен-Media
фото: Оркен-Media

Қазақстан Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха полиция ел азаматтарына Республика күнінде митингі өткізуге мүмкіндік бермейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Ұлысмедиа мәліметінше, үкіметтегі брифинг кезінде журналистер министрдің орынбасарынан 25 қазандағы митингке келген азаматтарды тарату үшін елордаға еліміздің аймақтарынан қауіпсіздік күштері тартылатыны жайлы ақпарат қаншалықты шындыққа жанасатынын сұраған.

«Өздеріңіз білесіздер, бір жерде әскери колонна кетіп бара жатса – соғыс басталды, полицейлер сап түзесе – қандай да бір митинг болып жатыр деген ой пайда болады. Бүгін тек 17 қазан, кімнің қайда бет алғанын, қандай шараға дайындалып жатқанын білмеймін. 25 қазан – бұл мемлекеттік мереке және, әрине, біз оған дайындаламыз. Біз қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына көшеміз», - деді Игорь Лепеха полиция көліктерінің тізбесі Астанаға бет алған сәті бейнеленген желідегі видеоға түсініктеме бере отырып.

Ол сондай-ақ қазір ІІМ әкімдіктен жоспарланып отырған мерекелер бойынша деректер сұрап отырғанын атап өтті, өйткені полицейлер адамдар көп жиналатын орындарда қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етуі керек.

«25 қазанға арналған үндеулерге келетін болсақ, ҚДТ мүшелерін наразылыққа шығуға шақырып жатыр, бұл –  Қазақстан аумағында қызметі заңсыз деп танылған экстремистік ұйым және, әрине, біз ешқандай митингілер өткізуге жол бермейміз», – деп қорытындылады Игорь Лепеха.

Қазақстанның демократиялық таңдауы (ҚДТ)  – 2001 жылы Мұхтар Әблязов құрған қоғамдық-саяси қозғалыс. 2018 жылы Астана қаласы Есіл аудандық сотының шешімімен ҚДТ экстремистік ұйым ретінде танылды. Ол әлеуметтік желі арқылы 25 қазан күні елді митингіге шығуға үгіттеп жатыр.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер