Боранбаевқа тиесілі «Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өтті

1186
Adyrna.kz Telegram
Сурет: kapital.kz
Сурет: kapital.kz

Қаржы мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаевтың мүлкін мемлекет меншігіне қайтару шараларын қабылдауда, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өтті. Оның өндірістік параметрлері – құны 35,4 миллиард теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма.

Боранбаев тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын нарықтық құны 14 миллиард теңгеге жуық «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясын мемлекет меншігіне берді.

Сонымен қатар құны 9 миллиард теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтеді. Кәсіпорын жұмысшыларының саны 740 адамды құрайды», - делінген хабарламада.

Бұл нысандардың барлығы мемлекеттік пайдасына өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, Боранбаев 31 наурызда сегіз жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 14 қыркүйекте Қаржы мониторингі агенттігі Боранбаевтың мемлекетке 120 миллиард теңгенің мүлкін қайтарғанын, ал 15 қыркүйекте кәсіпкердің бас бостандығынан айыру мерзімі алты жылға дейін қысқартылғанын хабарлады. 14 қазанда Боранбаевқа қатысы бар Маңғыстау облысындағы Phystech II АҚ мұнай компаниясының 100% акциясы мемлекетке берілгенін хабарлады. 16 қазанда Боранбаевтың құны 1,4 млрд теңге болатын «Comfort Hotel Astana» қонақүйін мемлекет меншігіне өткізгені хабарланса, 17 қазанда кәсіпкердің шетелге аударылған 30 млрд теңгені Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына аударғаны белгілі болды. Сондай-ақ Астана, Алматы және Қостанайда 34 миллиард теңгеге тағы бірқатар активтерді мемлекет меншігіне өткізген болатын.

Пікірлер