Жекеменшік балабақшалар жабылуы мүмкін

2165
Adyrna.kz Telegram
фото: Aikyn.kz
фото: Aikyn.kz

Шымкенттегі жекеменшік балабақшалар жабылудың аз-ақ алдында тұр, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы 31 арнасына сілтеме жасап.

Себебі, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне талап күшейген. Бұдан былай балабақшадағы бейнебақылау камералары полиция департаментінің жүйесіне жалғанып, кіре беріске турникеттер орнатылуы тиіс. Бірақ бұл ережені жүзеге асыруға балабақшалар әлі дайын емес. Мемлекеттен әр балаға субсидия алатын кәсіпкерлер білім басқармасынан жаңа ережеге өзгеріс енгізуді сұрап отыр.

Шымкенттегі 534 жекеменшік балабақшаның меңгерушілері қазір тығырыққа тірелген. Жаңа заңнама бойынша енді бөбекжайдағы бейнекамералар тікелей полиция департаментіне жалғануы керек.

Сондай-ақ ғимараттың кіре берісіне турникеттер орнатылуы тиіс. Барлығын орындауға бір ай уақыт берілген. Бірақ балабақша басшылары жаңа ереженің кемшін тұстарын жіпке тізіп, әлі дайын емеспіз деп отыр.

«Серверде барлығын қамтамасыз етуге орын жоқ деп жатыр. 100% ЦОО-ға қосылмаған. Жабылып қалуы мүмкін. Барлық басқа талаптар орындалып жатса, бұған басқа жағынан заң қарастырып көреміз», – дейді «Үздіксіз білім беру» қауымдастығы филиалының директоры Диана Қарманова.

Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің иелері бақылау камерасын полиция департаментіне жалғау үшін 760 мың теңге керек дейді. Кәсіпкерлер бұл қаражат қалтамызға салмақ түсіреді. Ал, 1,5 метрлік турникеттің 3 және 5 жастағы балаларға қажеті шамалы екенін жеткізді. Алайда бұл пікірмен білім басқармасының басшысы келіспейді.

«Балалардың қауіпсіздігі басты назарда. Сондықтан әрбір білім беру мекемесінде қауіпсіздік жағдайлары жасалуы керек. Екінші мәселе қазіргі қараша айында өтетін актуализация бойынша біз оны заңнамалық тұрғыда заңгерлермен сөйлесіп, шешімін табуға тырысамыз деп уәде бердім жаңа», – Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шамшиева.

Білім басқармасындағылар кәсіпкерлердің наразылығын туғызған заңнаманы тағы бір пысықтауға уәде берді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілген өзгерістерді балабақшалардан бөлек жекеменшік мектептер де жүзеге асыруы тиіс.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер