Спортшы Есентай Қапар әлем чемпионатында қос жүлдені еншіледі

7212
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандық спортшы Есентай Қапарұлы Ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, қос жүлдемен оралды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

2023 жылы 17 қазанда Греция мемлекеті Лутраки қаласында өткен Ардагерлер арасындағы Еркін күрестен әлем чемпионатында алтын медаль иегері атанып, көк байрағымызды жарыс төрінде желбіретті.

Сондай-ақ, грек-рим күресі бойынша да белдесіп, финалда Мысырдың атақты спортшысы, грек-рим және фристайл шебері, Олимпиада ойындарының чемпионы және жүлдегері, Әлем чемпионы, атақты аңыз палуан Карам Габермен тайталасты. Жерлесіміз бұл сайыста күміс жүлде иегері атанып, елге оралды.

Бүгінде 45 жастағы палуан 7 баланың әкесі, Республикалық спорт колледжінде аға жаттықтырушы. Есентай Қапарұлы:

"Спортпен ес білгелі айналысып келемін. Күресте 19 жасымнан бері жүрмін. Қазіргі таңда қарамағымда 60-қа жуық оқушым бар. Көп оқушыларым еркін күрестен Ұлттық құрамада өнер көрсетіп жүр",-дейді.

Дегенмен, Есентай Қапарұлының әпкесі елімізде" спортшыларға лайықты жағдай жасалмайды" деп наразы.

"- Жылда бауырым үлкен жарыстарға қатысады. Үкіметтен қолдау болмай тұр. Өзінің жеті баласы бар. Алғашқы балалары төртем. Алты қыз, бір баласын асырау қажет. Бірақ балаларының аузынан жырып, осындай жарыстарға барлық шығынды өз қалтасынан төлеуге мәжбүр. Меніңше, елімізде спортшыларға жағдай жасалуы тиіс. Осыны тыңдап, ескеретін адам болса",- дейді Бақшагүл Қапар.

Көк туымызды көкке желбіреткен спортшыны әуежайдан күтіп алуға 80 жастағы ата-анасы мен барша туған-туыстары, достары жиналған.

Талантты спортшы 2022 жылы Болгария мемлекеті Пловдив қаласында өткен әлем чемпионатында еркін күрестен Ардагерлер арасында бақ сынап, "әлем чемпионы" атанған.

Есентай Қапарұлы әлі талай сайыстарда өнер көрсетіп, мықты шәкірттерді тәрбиелеуді көздеп отыр.

 

Пікірлер