Дін агрессиялық түрде талқыланып кетті – Министр

2009
Adyrna.kz Telegram

Соңғы кездері қоғамда діни мәселе қызу талқыланып жатыр. Тамыздың бел ортасында басталған дау Мәжілісмендердің депутаттық сауал жолдауына ұласты.

Cаясаттанушы Жанат Момынқұлов ңғы кездері қоғамда діни тартысты әдейі ұйымдастырып отыруы мүмкін деген болжамын айтады. Діни даудың өршуіне билік мүдделі ме, жоқ әлде белгілібір топ па? Бізге экономикалық-әлеуметтік жағдайды талқыламай өзара діни мәселе бойынша дауласу кімге тиімді?


Осы және өзге сұрақты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға қойған едік.

Аида Ғалымқызы діни дау қазіргі заманның ерекшелігіне байланысты екенін ескертті. Себебі ол әлеуметтік желіде әр азамат өз ойын жазып, сұхбаттарында өз пікірін жеткізетінін тілге тиек етті.

- Бұл мүмкіндік Ата заңмен белгіленген. Өйткені адамның сөз және ой бостандығы Ата заңда жазылған. Сондықтан бұл әлеуметтік желінің ықпалы деп ойлаймын. Ал енді оны арнайы мемлекет тарапынан ұйымдастырушылық жоқ. Өйткені біз осы елдің тұрақтылығын сақтап, оның дамуына мүдделіміз. Ал «Басқа ұйымдар әдейі ұйымдастырып жатыр ма?» деген сұраққа жауап беру менің құзыретімдегі жұмыс емес. Оны мен анықтай алмаймын. Қазіргі таңдағы үрдіс біреудің пікірін жан-жақты сараламай қатты талқылап, өзіміз ойдан шығарған пікірлерді білдіріп жатамыз. Менің ойымша, ол дұрыс емес. Жалпы дін мәселесі өте нәзік сала ғой. Ол ең алдымен адамның наным, сеніміне байланысты дүние. Менің ойымша, әр дін, ол ислам болсын, христиан болсын, ең бірінші ізгілік пен мейрімділікті насихаттайды. Өкінішке қарай, қазір дін мәселесі көбінесе агрессиялық түрде талқыланып кетті. Оған біз жол бермеуіміз керек. Бұл ретте ақпарат құралдарының рөлі жоғары. Сондықтан біз сіздермен осы салада агрессияны білдіртпей, қоғамның сауаттылығын арттыру үшін бірге атсалысуымыз керек. Өйткені мәселе діндарлықтан емес, дін саласындағы сауатсыздықтан болып жатыр, – деді ол.

Мәжіліс депутаттарының бастамасынан кейін Парламент дінге байланысты арнайы заң қабылдануы мүмкін.

Министрге «Алда қабылданатын заң дін саласындағы түйткілді мәселені шеше ала ма? Мысалы әсіредіншіл азаматтар терракті жасауға ұмтылмай ма? Мұндай қауіп-қатер ескерілген бе?» деген сұрақ қойылды.

- Жалпы әр бір заң немесе нормативтік құжат болсын, оның салдары міндетті түрде ескерілу керек. Сондықтан заң жобасын барлық санаттағы азаматтармен жан-жақты талқылануы керек. Мен оны бірнеше рет айттым. Дін мәселесін депутаттар көтеріп жатыр ғой. Ол кісілердің бастамасы бойынша біз сарапшылармен талқылау жүргіземіз, – деді Аида Ғалымқызы.

 

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер