«Әлемдік білімді қазақ тілінде қолжетімді ету – мақсатымыз»

1583
Adyrna.kz Telegram

Кез келген ұлттың болашағын қалыптастыруда білім маңызды рөл атқарады, ал Қазақстан одан тыс қалмайды. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бері еліміз білім беру жүйесін дамытуда орасан зор табыстарға қол жеткізді. Білім сапасын арттыру үшін бірқатар ауқымды білім беру реформаларын жүргізді. Осы реформалар аясында елімізде оқытудың заманауи әдістері енгізіліп, сыни тұрғыдан ойлау мен практикалық дағдыларды дамытуға көңіл бөлінді.

Қазақстанның білім беру жүйесі дәстүрлі білім беру мекемелерін де, заманауи цифрлық платформаларды да қамтиды. Технологияның дамуы мен цифрлық революция білім саласына қосқан жаңалық болды. Қазақстан онлайн платформаларды пайдалануды қолға алып, білім мен дағдыларды алудың бірегей мүмкіндіктеріне ие болды. Дегенмен, цифрлы білім алу қазақ тілінде қалай жүзеге асуда?

Бұл туралы әлемдік деңгейдегі білімді қолжетімді етіп, қазақ тіліне аударған Education Development Fund Kazakhstan қоғамдық қорының атқарушы директоры Сарыбекова Әсем Жандарбекқызымен сұхбаттастық.

- Қазақ тіліне түрлі саладағы сабақтарды аударып жүрсіздер. Қосымша жайында толық айтып берсеңіз.

- Кез келген адамға кез келен жерде әлемдік деңгейдегі білімді қолжетімді ету Khan Academy платформасының негізгі миссиясы. Khan Academy білім беру платформасы әлемнің 190 мемлекетінде қолданылып, 60 -тан астам тілге аударылып жатыр. Негізін қалаушысы - Гарвард түлегі Салман Хан. 2008 жылы YouTube желісіне математика тақырыптарын түсіндірумен бастаған болатын. 2012 жылы алғаш рет платформаны өзге тілдерге аударуға ресми келісім берді. Ал Қазақстанда алғаш рет бұл жоба 2019 жылы жүзеге аса бастады. Бұл жоба қарапайым студенттер бірігіп, еріктілік негізде басталған болатын.

- Жобаның негізгі мақсаты қандай?

- Негізгі мақсат - биология, физика және математика пәндерін толық қазақ тіліне аударып шығып, қолжетімді ету. «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп» дегендей білімді ұрпақ тәрбиелесек, елеміздің болашағы жарқын болары сөзсіз. Әрине, орыс және қазақ тілдерінде түрлі салада сабақ беретін платформалар жетерлік. Ал біз қазақ тілінде дамытып, еліміздегі балаларға сапалы біліммен қатар өздігінен білім алуға құштарлығын арттырғымыз келеді. Сол үшін де еліміздегі үздік мамандарды біріктіріп, сапалы өнім жасаудамыз.

- Ұжымда қанша адам бар? Олардың білім деңгейіне назар аударасыздар ма?

Осы уақытқа дейін жобаны жүзеге асыру үшін 500-ге жуық ерікті жұмыс жасады. Әрине жоба өте ауқымды. Сондықтан сабақтарды аударатын  мамандар білімді, өз істерінің майталмандары.

- 2021 жылдан бастап, ресми қоғамдық қор ретінде құрылыпсыздар. Бүгінге дейін нәтиже қандай?

- Ағылшын тіліндегі платформада 12 мыңнан астам видео сабақ, 80 мыңға жуық практикалық жаттығулар және 4 мыңға жуық мақала бар. Қазірге дейін біз 1200 ден астам видеоны қазақ тіліне аударып өзіміздің желіге жүктеп үлгердік. Видеолардың қатарында математика, физика, биология және компьютерлік бағдарламалау сынды пәндер бар.

Иә, біз 2021 жылдан бастап ресми қоғамдық қор ретінде жұмыс жасай бастадық. Бір жыл ішінде біз 147 оқушыға математика пәнінен онлайн олимпиада және 187 мұғалімге арналған форум өткіздік. Бұл білім жүйесін жақсартуға көп көмегін тигізіп келеді. Өз бетімен оқимын деген оқушы үшін де пайдалы. 

- Алға қойған жоспарларыңыз бөліссеңіздер.

- Видео сабақтармен қатар біздің қосымша да қазақ тілінде жұмыс жасауды бастады. Дегенмен, жобаны үлкен деңгейге жеткізу үшін қазір қаржылық қолдау қажет. Сол арқылы қазақ тілінде білімнің кез келген саласын дамытып, оқушылардың әлемдік ғылыми ортада табысты қатысуы үшін қажетті заманауи білім мен дағдыларды бергіміз келеді.

-Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Пікірлер