«Өзіңді дамытам деп ниеттенгенде мүмкіндік те келе береді...»

1757
Adyrna.kz Telegram

Тұлғалық дамуда қазақша әдебиеттердің жағдайы нешік, қазақ тіліндегі кітаптардың мәселесі қандай – бұл туралы жастар арасында сұранысқа ие, тұлғалық дамуға байланысты «Әдет күші», «Мінезді өзгерту алхимиясы» секілді кітаптардың авторы Мирас Кесебаевпен осы тақырып аясында болған сұқбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

АУДИАЛ МЕН ВИЗУАЛДАРҒА АРНАЛҒАН КІТАП

- Біз өмір сүріп жатқан қоғам жылдам алға қарай жылжып, дамып келе жатыр. Заман ағысымен қатар ілгері қадам басқымыз келсе, жеке дамуды ешқашан тоқтатпауымыз керек. Жеке даму үшін міндетті түрде ақылы курс оқу міндет емес. Өзіңе пайдасын тигізетін кітап оқу да жеткілікті сияқты кейде. Бүгінгі күні қазақша психологиялық, мотивациялық бағыттағы кітаптар көптеп шығарылуда. «Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыру» басты мақсатым деп айтып жүрсіз. Мақсатыңызды жүзеге асыру үшін қандай істер жасап жатырсыз? Осы миссия үшін Kitapal дүкені ашылды ма? Әлде бұл мақсат дүкен ашылғаннан кейін қойылды ма?

- Кitapall дүкені 2018 жылы ашылып, барлығы нөлден басталды. Біздің миссия 2021 жылы қойылды. Оған дейін кітап саласын дамыту, қазақша кітап санын көбейту деген сияқты жалпылама мақсат болды. Кейіннен дүкендеріміз бен қызметкерлердің саны көбейе бастаған соң, ақылдасып отырып компанияның миссиясын құрдық. Осы үлкен миссияны орындау туралы шешім қабылдаған уақыттан бастап «Меломан», «Книжный город» секілді үлкен кітап дүкендеріне бәсекелес емес, керісінше біздің мақсатқа көмектесетін компания ретінде қарай бастадық. Негізі, бұл миссия кезіндегі алаш арыстарының мақсаты болатын. Олардың өз тәсілдері болды. Мәселен, Ыбырай Алтынсарин мектеп ашты, Ахмет Байтұрсынұлы – «Қазақ» газетін, Мұхаметжан Сералин «Айқап» журНалын шығарды. Ал біздің қолымыздағы құрал ол – кітап.

Әлі күнге дейін бізде орысша кітаптардың үлесі көп. Сол үшін біз қазір қазақша кітаптардың санын көбейтуге жұмыс жасап жатырмыз. Осы миссяны орындау үшін Алматыдағы дүкен санын төртке жеткіздік. Астана, Қызылорда, Тараз, Атырау, Ақтау және Шымкент қалаларынан франшиза аштық. Өйткені біздің миссиямыздың ішінде әр қалада біздің дүкен болу керек, яғни, басқа қалалардағы әр оқырманымызға біздің кітаптар қолжетімді болу керек деп мақсат қойғанбыз. Қазір ұсақ қалаларда кішігірім дүкендерімізді ашуды жоспарлап отырмыз.

Осы мақсат аясында ауылдағы жастарға кітаптарымыз қолжетімді болу үшін «Ауылға кітап» жобасын бастадық. Ең алғаш өзім ауылыма кітап жеткіздім. Одан кейін осы іске ресми түрде кірістік. Қазір 11 айдың ішінде 93 ауылға кітап жеткіздік. Нәтижесі өте жақсы.

Бізде бұрыннан тек қана Алматы қаласында оқырман клубтары болатын. Осы жолы форматын бекітіп, бір жылға жоспар жасап, Kitapal club жобаны қолға алдық. Қазіргі уақытта, бір жарым айдың ішінде Қазақстанның әр аймағынан 157 клуб құрылды, әр клубта 8 адамнан бар. Айына бір рет офлайн кездесу өткізу шарт. Кітапты талқылап, мақсаттарымен бөліседі. Бұрын бізде «Кітап сүйер қауым» деген клуб болған. Соның арасынан дамуды қалайтын, мақсаты бір жастардың бір-бірін тауып үйленгендері де болды. Осы жоба аясында да солай болып жатса тіпті керемет.

Бұдан бөлек, minez.kz арнайы әлеуметтік журналының сайтын аштық. Ол жерге өзіміздегі авторлардың және бізден шығатын кітаптардың ішінен отбасы, бала тәрбиесі, ғылым, мәдениет, өркениет тақырыбындағы мақалаларын салып отырамыз.

Kitapal podcast ютуб жобамыз бар. Кітап саласына арналған видеолар болмағаннан кейін осы істі бастадық. Пікірлердің арасынан «бұған дейін кітап оқымайтын едім,  подкасттан кейін оқып бастадым», «жұмысым ұнамайтынын түсініп, жұмыстан шығып кеттім, қазір өзіме ұнайтын жұмысты таптым», «қай кітапты, қалай оқу керек екенін түсіндім» деген ойларды жиі кездестіреміз. Жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Бұйырса, подкастты кітап түрінде шығарайын деп жатырмыз. Өйткені адам ақпарат қабылдағанда екі түрге бөлінеді. Біреуі – аудиал, біреуі – визуал. Аудиал адамдар подкаст тыңдай береді, ал, визуал адамдар тыңдағандарын ұмытып қалуы мүмкін. Сол себептен осындай адамдар үшін подкастты жазып, көркемдеп кітап етіп шығару ойда бар. Кітаптың аты «Не үшін кітап оқу керек?» болады. Әзірге жүзеге асып жатқан жобалар осы.

«ХАЛЫҚТЫҢ МЕНТАЛИТЕТІН ЕСКЕРУ»

- Kitapal podcast жобасын бастаған кезінде осындай нәтиже күттіңіздер ма?

- Арық айтып, семіз шыққан жақсы. Сол себептен көп нәрсе күтпедім. Миллион қаралым болсын, мың қаралым болсын біз осыны жасаумыз керек, бастысы кітап туралы біраз сұрақтарға жауап береміз, әрі қарай керек адам көріп, пайдасын алар деп бастадық. Қазіргі таңда, жеке мектептерде тәрбие сағаттарында біздің подкасттарды қосып береді екен. Балаларға пайдалы болып жатыр деп әлеуметтік желілерде бөліскендер көп болды. Үшінші маусым оқырманға беретін пайдасы бар қонақтармен шығарылды. Келетін адам қандай мамандық иесі болмасын, әңгіменің өзегі – кітап. Мысалы, Мұрат Есжан – режиссер, Мәди Фазыл – полиглот, Әбілқайыр Мәди – ұстаз. Бірақ, барлығына ортақ дүние – кітап.

- Бұрынғымен салыстырғанда қазір кітап оқу мәдениеті қалыптасып келе жатыр деп ойлайсыз ба?

- 5 жыл бұрын адамдар «мотивациялық кітап бересіз ба?», «бала тәрбиесіне қатысты қандай кітаптар бар?» деп сұрайтын. Қазір қандай кітап керек екенін нақты сұрайды. Бұрынғыдай кез-келген кітапты оқи бермейді, кімді және қай кітапты оқу керегін біледі. Осыған қарап оқырмандардың деңгейінің өсіп келе жатқанын байқауға болады. Сонымен қатар, сыни ойлаудың да қалыптасып жатқаны сезіледі. Кітап оқу жарыстары мен фестивальдердің көбеюі, жарнамалардың жиі жасалуы әсерінен оқырмандардың саны артып келеді. Оған қоса көптеген шетелдік танымал кітаптар қазақ тіліне аударылып жатыр және қазақ тілді авторлар халықтың менталитетін ескере отырып, пайдалы кітаптар жазып жатқаны едәуір ықпал етуде.

ЖІГІТТЕРГЕ АРНАЛҒАН КІТАП

- Кітаптарды қандай баспалардан шығарасыздар? Жалпы, елімізде баспалар жеткілікті ме?

- Халықтың санына шаққанда баспалар саны, әрине, өте аз. Оның ішінде өнімді жұмыс істеп жатқандары да шамалы. Біздегі «Шабыт» баспасы тек аудармамен айналысады. «Таным» баспасынан діни бағыттағы кітаптар шығарылады. «Самға» баспасы түрлі жанрдағы кітаптар басып шығарса, балаларға арналған кітаптар «Алтын сақа» баспасынан жарық көреді.

- 3 жыл бұрын пайда болған жігіттерге арналған кітап жазу идеясын жүзеге асырып жатыр екенсіз. Кітабыңыз жайлы толығырақ айтып берсеңіз.

- Бізден көп адамдар ер жігіттерге арналған кітап сұрайды. Біз тек Бауыржан Момышұлының ғана кітабын береміз,  өйткені жігіттерге арналған басқа кітап жоқ. Ал, әйелдерге жыл сайын шамамен 4-5 кітап шығады. Одан бөлек көптеген іс-шараларда залды толтыратындар әйел кісілер, ерлердің үлесі өте аз. Оған түрлі себептер бар. Мәселен, отбасындағы тәрбиеде ата-анасы баласына ертең бізді асырайсың деп, ерте бастан жұмысқа салып жіберген болуы мүмкін. Ал, қыз оқысын, көрсін деп еркіндік берген. Осылай жігттер өздеріне қоятын талапты төмендетіп тастайды. Даму немесе бір саланың мықты маманы болу деген секілді міндеттер кенжелеп қалып, дәл қазір ақша тапсам болды деген түсінік қалыптасып бара жатыр. Отбасында кім білімді болса, соның сөзі өтімдірек болады. Мысалы, әйелі өте білімді болып, күйеуінің білімі аз болса үйде қақтығыс туындайды. Еркек өз абыройы түскенін қаламағандықтан, әйелі ақылдырақ болып тұрса, өзін жоғары көрсету үшін қол жұмсауы мүмкін. Ұлдардың даму деңгейін арттыру мақсатында осы кітапты жазу ойыма келді. «Қызға қырық үйден тыйым» деген секілді, жігіттің бойында болу керек қырық қасиетін жаздым. Бір жігіттің бойында бәрі болмауы да мүмкін, бірақ «болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай айтпақшы кітапты оқыған жігіт осал тұсымен жұмыс жасайтын болса, жігіттердің сапасы артады деп ойлаймын. «Нағыз жігіт» кітабы тек жігіттерге ғана емес, қыздарға да арналған. Себебі, кітапты оқығаннан кейін нағыз жігіттің сипатымен таныс болады.

Мысалы, кейбір қыздар құмар ойнын ойнайтын жігітпен болашағын құрмақшы болса немесе жігіті жалқау болса, кітапты оқып шығып, жігітке өміріңді өзгерт, әйтпесе мен сенімен болашақ құра алмаймын деген ойын жеткізуі мүмкін. Бұл үйлену азайып кетеді деген сөз емес. Ең басты ниетім – жігіттердің сапасын көтеру.

- Кітаптарыңызды жазып шыққаннан кейін, оқырманын таппай қала ма деген қорқыныш болады ма?

- Мүлде қорқыныш болған емес. Өтпей қалса да ризамын. Бастысы мен  өзімнің ішімдегі мақсатты орындап шықтым. Ары қарай мың адам оқи ма, жүз мың адам оқи ма, ол Құдайдың қолындағы нәрсе. Нәтиже менен емес, Алладан. Дәл қазір қоғамға қай кітап қажет сол тақырыпта жазамын. Жазудағы мақсатым пайдалы болып, жастарға көмегімді тигізу. Кітаптарымның барлығын шығарған уақытта ешқайсысында ақша табу мақсатым болған емес. Өйткені ақша тауып жатқан жұмысым бар. Кітап жазу – мәннен туған хоббиім.

«ЖАҚСЫ АДАМДАРДЫҢ ОҚЫҒАН КІТАБЫ»

- Өзіңіздің тұлғалық дамуға байланысты кітаптарды оқып бастауыңызға не түрткі болды?

- Осы жасымда немен айналысу керектігін таппағандықтан менде депрессия болды. «Не істеп жүрмін? Не істеуім керек?» деген сияқты сұрақтар пайда бола бастады. Осылай жүріп, жанымдағы жақсы адамдардың оқыған кітаптарын оқып бастадым. Ортаң қалай болса, солай өзгересің деген рас. Нәтижесінде олармен ортақ әңгіме айта аласың әрі пікір таластыра аласың. Мысалы, достарың спортшылар болса, сенде жүгіріп бастайсың. Мен бұл бағыттағы кітаптарды өзім отырып оқып кете алмадым, ортам қатты ықпал етті. Айналамдағылар мені келіп қоршап алған жоқ, мен өзім іздеп қосылдым.

- Сіз сияқты уайымы бар жастарға қандай кеңес бересіз?

- Өмір миллиондаған мүмкіндік береді, сол уақытта сен дайын болуың керек. Қабілеттеріңді дамыта бастаған кезде, жан-жақтан ұсыныс пайда болады. Бұл – сондай заңдылық. Өзіңді дамытамдеп ниеттенгенде мүмкіндік те бірінің артынан бірі келе береді. Сен соған дайын болуың керек.

- Уақыт бөліп сұқбаттасқаныңызға рақмет!

Мерей Мырзағалиқызы

Пікірлер