“Пенопласт” операциясы. Журналист айыппұл арқалады

1320
Adyrna.kz Telegram

Алматы-Қорғас тас жолының жігіндегі пенопластты алып тастағаны үшін журналист айыппұл арқалады. Бұл туралы Диас Нұрақын Facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа да құрылыстарды немесе жол жүрісін реттейтiн техникалық құралдарды бүлдiру” деген бап бойынша 6900 теңге айыппұл салды. Бірақ хаттамаға "келіспеймін" деп жазып, қол қойып бердім.

Өйткені біржапырақ пенопласт жол жабындысына да техникалық құралға да жатпайды. Десе де полицейлер даулы видеоны көре тұра, менің емес Мехметтің жазған арызына сүйеніп, хаттама толтырды.

Мойын жуан. Бұл айыппұлды қазір-ақ төлей салуға болар еді. Бірақ 120 млрд теңге жұмсалған бетон жолдың былығын ашқаным үшін мені "жазалап жатқандарын" түсіне алмадым”, деп жазды ол.

Сондай-ақ, журналист жол сслу технологиясында пенопласт болмауы керегін айтты.

“Супер-пупер технологиямен салынған бетонкада пенопласт деген атымен болмауы керек. Мұны 30-40 жыл жол саласында жұмыс істеген ардагерлер мен сарапшылардан сұрап білдім. Бәрі бірауыздан деформациялық шовтың ортасына пенопласт салуға болмайтынын айтты. Себебі бетон плита ары-бері жылжығанда оны реттеп тұратын резина (жгут) болуы тиіс екен. Ал пенопласт бетон қысылғанда жаншылып, үгітіліп кетеді дейді. Бірақ бұны ашып айтуға ақсақалдарымыздың бәрі қорқады екен.

Өйткені "ҚазАвтоЖолдан" мереке сайын марапат, азын-аулақ сый-сияпат, кейбірі сарапшы ретінде нәпақа тауып отырғасын ашық айтуға жүрексінеді. Бір сөзбен айтқанда "ҚазАвтоЖол" "бәрін байлап", "мұрттарын майлап" жол саласын билеп-төстеп алған

Мұндай монополистпен тек қарапайым халық қана күресуге қауқарлы. Сондықтан өз ауылыңызда, ауданда, қалада, трассада ойылған, шұрық-тесік, "гармошка" болып кеткен сапасыз жол көрсеңіз, суретке түсіріп, АО "НК "ҚазАвтоЖол"  және ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі  деген парақшаларды белгілеп, "#БізгеЖақсыЖолКерек" деген хештегпен пост салайық. Халықтың салығы мақсатты жұмсалуы тиіс. Оны талап етуге толық құқымыз бар”, деді журналист.

Айта кетейік, Журналист Диас Нұрақын 19 қазан күні Алматы – Қорғас бағытындағы күрежолдың сапасыз салынғанын көрсетіп, әлеуметтік желіге видео жариялаған. Бейнежазбада жоғары санатты жол саналатын автобетонның қуысын компания пенопластпен жамап қойғаны айтылады. Бұл көптің ашуын туғызып, тіпті талқыға түскен еді. Кейін жауапты компанияның басшысы журналистке онлайн түрінде қоқан-лоққы үйірді.

Пікірлер