Жердің құты - жазиралы Жаркенттің жағдайы қалай?

1846
Adyrna.kz Telegram

Панфилов ауданындағы Пенжім ауылының атауы ономостикалық комиссияның шешімімен Атамекен деп өзгертілмек. Жағымды жаңалық туралы аудан әкімі Марат Сағымбек өткен аптада журналистерге айтып берді.

Алматы мен Талдықорған қаласының бір топ журналистері Панфилов ауданына пресс-турға барған болатын. 1 ғасырлық тарихы бар ауданның бүгінгі жағдайымен танысып, ел тұрмысын көріп қайтты. Журналистерді аудан әкімі күтіп алып, алға қойған жоспар мен шешімін күткен мәселелірімен бөлісті.

 

Айта кетейік, Марат Сағымбек 2022 жылдың наурыз айында Панфилов ауданының әкімі болып тағайындалды. Еңбек жолын осы ауданда құрылысшы болып бастаған Марат Рахымбердіұлының алға қойған жоспары көп. Оны әкім жиналыс барысында айтып берді.

АНА МЕН БАЛА ӨЛІМІ КӨП”

Халық саны жағынан да, экономикалық кіріс жағынан да Жетісу облысында көш бастап тұрған ауданда медицина ақсап тұр. Әкімнің айтуынша, ауданда ана мен бала өлімі көп. Сондықтан келе сала, жеңін түріп, қолға алған жұмысы денсаулық сақтау саласы болған. Ауырғанда қала жағалап, дертіне шипа іздеп кететін тұрғындар үшін ауданға жаңа аурухана салмақ. Заманға сай жабдықтап, жаңа технологиялармен толықтыру үшін аса ұқыптылық қажет екенін де айта өтті. Ал өңірдегі үш үлкен аурухананың бірі - Жаркентте салынады.

Сондай-ақ, деніне саулық іздеген жандар үшін биыл Түркиядан білікті деген 6 маман шақырған. Олар тәжірибе алмасып, тұрғындардың денсаулығын тегін қарап кеткен. Мұнымен ауданның медицинасы дамып кетпесе де, алдағы уақытта денсаулық саласын көтеруге барынша ат салысатынын айтты, әкім.

«АУДАНДАҒЫ 45 МЕКТЕПТІҢ 15-ІНЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ КЕРЕК»

“Білімді ұрпақ – ел болашағы” дейміз. Ал білім балаға сапалы сіңуі үшін мектеп те заманауи болғаны дұрыс. Заманауилығы былай тұрсын, ауданда “құлап қалмаса екен” деген мектептер де кездеседі.

Панфилов ауданында 50 мектеп болса, оның қырық бесі орта, төртеуі бастауыш, біреуі  арнайы музыкалық мектеп. Ішінде тіпті, 50 жылдан асқан мектептер де бар.

Әкімнің айтуынша, Панфилов ауданындағы шекаралық ауылдардағы мектептерінің жағдайы мүшкіл. Тіпті, Сұптай ауылында балалар бұрынғы балабақшаның ғимаратында оқиды. Мұнда тамақ ішетін асхана, спорт залдың жоқтығын қоспағанда, қосымша сабақ өтетін сыныптар да жоқ.

Садыр ауылындағы жағдай да мәз емес. Ауданға әкім болып келгеніме бір жыл төрт ай болды. Осы аралықта үш мектепті пайдалануға бердік. Бұл мақтануға тұратын көрсеткіш. Біреуі шекаралас аймақта орналасқан Басқыншы ауылындағы мектеп, екіншісі Қоңырөлең ауылдық округіне қатысты Бөрібай би ауылдағы мектеп. Сол ауылдағы білім ордасы Әлихан Бөкейханның атында. 1936 жылы салынған. Бір жылдың ішінде мектеп тұрғызылып, пайдалануға берілді. Үшіншісі Әбілхан Қастеев атамыздың кіндік қаны тамған Шежін ауылында салынды. Бұған дейінгісі 50-жылдары колхоздың тұсында пайдалануға берілген. Жағдайы мүлдем қиын болатын. Түгел сүріп тастап, жаңадан салдық», - дейді Марат Сағымбек.

Одан бөлек, әкім 45 мектептің 15-і күрделі жөндеуді қажет екенін айтты. Айтуынша, Алмалы ауылы Алтыүй ауылындағы Әбілхан Қастеев атындағы мектеп 1971 жылдан бері қолданыста.

Аудан орталығы Жаркенттің өзінде 9 мектеп бар. Соның төртеуі күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал Жамбыл атындағы мектеп сыйымдылығы 1000 балаға арналған. Бірақ  2000 оқушы оқиды екен.

Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің де жағдайы мәз емес.

Әкім Марат Сағымбек бұған дейін басшылар шекаралық ауылдарға көңіл бөлмегенін айтады. Тіпті, білім саласында жемқорлық та болған. Сондықтан алдағы уақытта ауданның білім сапасын арттырып, олқылықты түзету үшін «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша Жаркент өңіріне бұрын-соңды болмаған білім ордасын салмақ.

Жаңа мектепті BI Group компаниясы қолға алып,  қала шетінен 1200 оқушыға арналған үш қабатты ғимараттың құрылысын бастап кеткен. Жоғары және төменгі сынып оқушыларына арналған екі спорт залы, 246 орындық акт залы,  футбол мен ойын алаңдары болады.

Сондай-ақ, ауданда 12 мем­лекеттік, 49 жекеменшік балабақша бар, балалар 100 пайыз қамтылған. Бұрын­ғы қараусыз қалған ғимараттарды аудан кәсіпкер­лері ретке келтіріп, әкімдікпен бірлесіп, қолданысқа беруде.

КӘСІПКЕРЛЕР ТУҒАН ЖЕРІН КӨРКЕЙТУДЕ

Жалпы ауданда 29 мәдениет үйі, 11 клуб бар. Дегенмен, жағдайлары мәз емес. Аудандағы  Үлкен Шыған ауылында мәдениет үйі 2007 жылы өртеніп, содан бері әлі күнге дейін арнайы ғимарат салынбаған.

Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек мәдениет үйін салу мемлекетке де, жекеменшікке де тиімсіз екенін айтады. Өйткені, қыруар қаржы бөлініп салынған ғимарат, айына бір рет қолданылып, шаң басып тұрады. Ал ауданның жылдық бюджеті - 12млрд теңге. Дегенмен, әкім аудан кәсіпкерлерімен біріккен жоба ретінде ұсынысы барын тілге тиек етті.

 

Ауданда туған жерінің гүлденуіне бар күштерін салып жүрген кәсіпкерлер жетерлік. Солардың бірі- аталған Үлкен Шыған ауылында қараусыз қалған ғимаратты спорт кешеніне айналдырған екі дос, бірі қазақ, бірі ұйғыр. Бұл спорт кешені 47 жыл кетпен шапқан, Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанованың өтініші екен. Бұдан бөлек, Пенжім, Үшарал ауылында да жаңа спорт кешені бой көтерген.


Сондай-ақ, Жаркентте облыстағы ең үлкен жеміс-жидек сақтау қоймасы бар. 1000 тонналық қоймада алманың бірнеше сорты, болгар бұрышы, қызанақ сынды жемістер мен көкөністер сақталған. 6000 тонна қойманың да құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта жеміс-жидектерді өңдіру бойынша үлкен цехтың құрылысы басталмақ. Бұл кәсіпті айналдырып отырған да осы мекеннің азаматы.

ЖҮГЕРІНІҢ ЖАҒДАЙЫ МӘЗ ЕМЕС

Жаркент - жүгерінің отаны. Жылда тонналап жүгері өсіріп, оны арнайы «Жаркент крахмал зауытына» жөнелтеді. Мұнда жүгері крахмалы, жүгері глютені, жүгері кебегі, жүгері майы, жүгері торты, жүгері сиропы, мальтоза сиропы, карамель сірнесі секілді жиырмаға жуық өнім өндіріледі.

Алайда, биыл жүгері бағасы күрт төмендеп, шаруалардың еңбегін ақтамай тұр. Былтыр килограмын 126 теңгеге сатса, биылғы баға – 60-70 теңгеден көтерілмеген. Ал бидайдың бағасы - 80 теңге. Оған себеп - Ресейден келген 65 теңгелік бидай ұнының зауыттарда толып тұруы.

Сондай-ақ, Жаркенттегі ірі зауыттың бірі – «Универсал» ЖШС. Бұл жерде азық-түлік өнімдері мен химиялық заттарды орауға арналған қап шығарылады. Цехқа шикізат Атыраудан келеді, таза Отандық өнім. 400 адамды жұмыспен қамтып отырған компания айына 5 млн қап тігіп, шет елдерге де экспорттайды.

Міне, журналистер көріп қайтқан жазиралы Жаркенттің жағдайы осы. Көпұлтты шекаралық ауданның жаңа әкімге артар үміті көп.

Дана Нұрмұханбет

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер