“Ол көктем оралмайды”. Қасымхан Бегмановтың туғанына - 65 жыл

1348
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, ақын Қасымхан Бегмановтың мерейтойлық-шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Халықаралық “Алаш” әдеби, Қазақстан Жастар одағы сыйлықтарының лауреаты Қасымхан Сейітханұлы биыл 65 жасқа толды.

Алматыдағы "Алатау" дәстүрлі өнер театрында ақынның мерейтойына арналған ән-жыр кешінде өлең сүйер қауым, жазушылар мен ақындар, өнер жұлдыздары құттықтады.

Қасымхан Бегманов есімі әрбір қазаққа кеңінен таныс. Себебі ақынның сөзіне жазылған бірқатар әндер қазақ эстрадасында жырланып, өлеңдерін сүйіп оқитындардың қарасы қалың.

Поэзияға 1980 жылдары келген ақынның ең алғашқы жыр жинағы - “Бастау” болған. Одан кейін ақынның бірнеше өлеңдері татар, ағылшын, орыс, моңғол тілдеріне аударылып, Ресейдің мен Қырғызстанның ақын-жазушыларының еңбектерінде жарық көрген.

Шара барысында “Алатау” өнер театрының үлкен залы лық толып, ине шаншыр жер болмады. Тіпті орын таппаған тыңдарман нық тұрып, ендігі бірі еденге жайғасып ән тыңдады.
Осыдан-ақ ойын жыр-маржанмен өрнектеп, өлеңмен өрбіткен қайраткердің шығармашылығына сүйсінген тыңдарманның көп екенін аңғаруға болады.

Қонақтардың қатарында шет елден келген азаматтар да кездесті. Түрікменстаннан келген Айсұлу есімді азаматша ақынның ән-кешіне туыстарының айтуымен келген екен.
- Мен Қазақстанға екінші рет келіп тұрмын. Маған Алматы ұнады. Бүгінгі концерт туралы жеңгемнің көршілері айтты. Мені қыдыртып, осы жаққа алып келді. Біз Қайрат Нұртастың әндерін тыңдаймыз. Бүгін қазақ әндерін тыңдап, көңілім көтеріліп қалды. Ата-жұрттың тілі, әні, топырағы әрдайым ыстық,-дейді.

Шара барысында ақынның өзі көзқарақты көрерменге “Ташкентпен қоштасу”, “Бес қала циклі” атты өлеңдерді оқып, алғысын білдірді.

Қазақстандық ақын, журналист, этнографтың мерейтойлық кешінде Музарт тобы, Шаба Аденкул, Гүлмайдан Серікбай, Бауыржан Өскенбеков, Роза Әлқожа құттықтап, өнер көрсетті.

“Алматым - әнім, тағдырым” атты кеште ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, өлеңдері оқылды. Сондай-ақ, Гүлмайдан Серікбайдың орындауында ақынның төл туындысы “Іздеме” әнінің тұсауы кесіліп, алғаш рет мерейтой қарсаңында тыңдарманға жол тартты.

Пікірлер