Қымбат қолтаңба

1467
Adyrna.kz Telegram

Қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің музей-үйінде құнды жәдігерлер, тарихтан сыр шертетін мол деректер, жазушы қолымен ұстаған мүкаммал-мүліктер қоры мол жинақталған. Әр құнды жәдігердің, әр кітаптың өзінің тарихы, өзінің естелігі бар. Сондай құнды экспонаттарымыздың бірі – даңқты жазушы Мұхтар Әуезовтің қолтаңбасы бар «Абай» кітабы.  1958 жылыМәскеуде жарық көрген, орыс тілінде, қазіргі «Абай жолы» роман-эпопеясының әуелгі «Абай» деген атпен шыққан нұсқасы, І-кітап. Ішкі парағына М. Әуезовтің әріптес іні-досы Мүсіреповке арналған жылы лебізі жазылған: «Габиту – любимому брату-содругу, сотоварищу на всю жизнь, во всех наших лучших порывах. 1958 г. 11 июня г. Алма-Ата». Не деген жүрекке жылы шуақ құятын лебіз, не деген қымбат қолтаңба!

«Абайдай» шығарма бұл тұсқа дейін қазақ әдебиетінде болған емес.Әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын. Бұл, менің ойымша, XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі», – деп француз жазушысы Луи Арагонөз таңданысын жеткізген. Ал енді роман жарыққа шыққанда шынайы бағалап тамсанушылар да, ала көзбен қарап араздық отын тұтатқандар да болғаны мәлім. Ғабит Мүсірепов роман кейіпкерлері мен тип, характер мәселесі бойынша «Абай» романы туралы» деген сын мақаласында басты кейіпкерлер образын талдап, өзіндік көзқарасымен ой түйген. Оны 1958 жылы I.Омаровқа жазған хатында Мұхтар Әуезовтің өзі де бек құптаған: «Абай» романының бірінші кітабы шығып, соны жазушылар, сыншылар, кейбір адамдар боп талқылап, танымақшы болып жатты. Сол жиылыстың ең соңында күні бойы үндемей отырған Ғабит жиылысты басқарып отырған Сәбитке келіп бір ауыз сөз айтты: «Немене, адамша сөйлейміз бе, жоқ осымен кете барамыз ба?» – деді. Сол күннен бастап екі кеште ол бір баспа табақтай етіп өзінің роман жөніндегі, бар жұрттан оқшау, бөлек шырқау шыққан әділ, адал, саналы толғаулы ірі ойларын айтып шықты. Сөйтіп, келесі күнгі жиылыс «адамша сөйлеудің» нағыз өзін бастап еді».

Қазақтың маңдайына біткен екі нар тұлғасының арасын қызметтік, әріптестік қарым-қатынаспен қатар достық байланыс сабақтастырып тұрғандай. Мүсірепов достықты қадірлеген жан. Оның қайсарлығы мен ерлігінің арқасында репрессия жылдарында Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты еңбегі аман қалды. Мүсірепов сол жылдары бұл кітаптың соңғы данасын сақтап қалудан тайсалмай, ерен мінез көрсетті. Бірде ол Әуезовке жазған хатында: «Мұха, егер мен сізге қырын қараған болсам, бұл еңбегіңізді сақтап қалар ма едім?» – деп бір ауыз сөзбен араларындағы реніш отын сейілтіп, Әуезовтің көңілін толқытқан екен. Музей қорында сақтаулы 1939 жылы Мұхтардың досы Ғабеңге жазған хатында да екі достың, екі әріптестің арасындағы шығармашылық байланысқа куәгер боламыз. Онда Әуезов өзінің Ленинград қаласындағы сценарий жазу жұмысымен бөлісіп, жақында Мәскеуге қайтатындығынан хабардар етіп, Ғабеңді сонда күтетінін  жеткізген. Кейін әлем әдебиетінің үздік 200 томдығына Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы мен Ғабит Мүсіреповтің «Этнографиялық әңгімесі» енген болатын.

Бұл тұлғалар арасындағы қызметтік, достық байланыстардың құпиясы тереңде жатыр. Архив қойнауына үңіліп, түбін тереңдей қазып іздей бергің, жаза бергің-ақ келеді. Музей экспозициясындағы бір ғана Әуезов қолтаңбасы қойылған сый-кітаптың өзінде қаншама естеліктер, қаншама тарих сырлары тарамдалып жатыр. Бұл кітап біз үшін, музейге келушілер үшін тарихи эскпонат, қымбат қолтаңба!

Мөлдір Сағымбаева,

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің

әдеби-мемориалдық музей кешенінің қызметкері.

Пікірлер