Назарбаев пен Миттал Қарағандыдағы апатқа көңіл айтпады

1622
Adyrna.kz Telegram

Қарағанды облысындағы шахтада болған апатқа байланысты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен “AрселорМиттал Tеміртау” (AMT) компаниясының негізгі инвесторы Лакшми Миттал көңіл айтпады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Тұңғыш президент соңғы рет ел көзіне 11 маусым күні Абай облысындағы өрттен қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасына көңіл білдіргенде шыққан. Содан бері қайда, не істеп жүргені белгісіз.

Ал Қазақстанда “AрселорМиттал Tеміртау” (AMT) компаниясының негізгі инвесторы Лакшми Митталды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап ететін петицияға қол жинау басталды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына қайырылған петиция авторлары соңғы 15 жылда аталған нысанда 100-ден астам адам қаза тапқанына тоқталып, бұл көрсеткіштің жыл өткен сайын артып жатқанын баса айтқан.

“Біз, петицияға қол қойған азаматтар, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының қожайыны Лакшми Миттал мен менеджері Палаватха Кришнанның қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әрекетсіздікке барғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етеміз! Сондай-ақ компаниядағы еңбек жағдайын тексеруі тиіс мемлекеттік қызметкерлерді де естен шығармау керек!”, – делінген құжатта.

Петиция авторлары сонымен қоса соңғы 5 жылда "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының табысы 1 трлн теңгені құрағанын айтады.

ШАХТАДАҒЫ АПАТҚА КӨҢІЛ БІЛДІРГЕНДЕР КІМДЕР?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қарағанды облысындағы кен орнында болған апат салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты шет мемлекеттердің басшыларынан, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары келуде.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин қайғылы оқиғаға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына көңіл айтты.

«Қазақстанның Қарағанды облысындағы шахтада болған апат салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қытай Үкіметінің және халқының, сондай-ақ өзімнің атымнан қайтыс болған азаматтардың отбасылары мен жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын», – деп жазылған жеделхатта.

Франция президенті Эммануэль Макрон Костенко шахтасындағы апатқа байланысты қазақ тілінде көңіл айтты.

Сондай-ақ, көңіл айту жеделхаттарын Болгария Президенті Румен Радев, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасы Желька Цвиянович, АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай, Ұжымдық қауіпсіздік шарты жайлы ұйымның (ҰҚШҰ) Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов және Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко де жолдады.

Пікірлер