Сәкеннің видеосы елге әкелінді

1359
Adyrna.kz Telegram
фото: видеодан скриншот
фото: видеодан скриншот

Қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің видеосы табылды. Жазушы бейнеленген бұл кадрлар 1935 жылы Қазақ автономиясының құрылғанына 15 жыл толуына орай түсірілген. Таспаны тапқан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институтының ғылыми қызметкері Ермұхамет Маралбек Қазақстан ұлттық арнасына тікелей байланысқа шығып, Мәскеу мұрағатынан тағы қандай құнды деректерді кездестіргенін айтып берді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Институттың ахметтану бөлімінің зерттеу бағыты бойынша жүргізіліп жатқан «Ахмет Байтұрсынұлының жазу реформасы: теориясы мен тәжірибесі» грант жобасы аясында Маскеудегі мемлекеттік архивке үш ғалым барған болатынбыз. Ресей мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мұрағатында болдық. Сол архивтің құжаттар каталогымен толық танысып, өзімізге қажеттілерін қарағанда Сәкен Сейфуллин бейнежазбасы кездейсоқ қолымызға түсті», - деді Е. Маралбек QAZAQSTAN арнасына берген сұхбатында.

Сонымен қатар С.Сейфуллинмен бірге Ораз Жандосов, Әліби Жангелдин сияқты қайраткерлердің бейнежазбасы осында түсірілген.

«Бұдан бөлек біз Мәскеу мұрағатынан өте құнды деректер бар. Уақыттың тығыздығына байланысты олармен көп жұмыс жасай алмадық. Бірақ қолымызға түскенді алып келдік. ХХ ғасырдың 1925-26 жылдары Қазақстан компартиясын басқарған мемлекет қайраткерлерінің видеосы табылды. Сонымен бірге Ресей мемлекеттік Ленин атындағы кітапханасының сирек қолжазбалар қорында жұмыс істедік. Осы қолжазбалар қорында Алаш қайраткерлерінің, мемлекет қайраткерлерінің көптеген еңбектері сақталған. Сол еңбектердің көшірмелерін, сонымен бірге Қырғыздың мемлекет қайраткері және қырғыз әліпбиінің авторы Қасым Тыныстанов туралы деректер мен  еңбектерін таптық. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы туралы ғылыми айналымда жоқ, еш жерде кездеспеген бірнеше еңбектері табылды. Бірақ ол туралы әлі де зерттеулер жалғасуда. Алдағы уақытта зерттеу нәтижесін жариялайтын боламыз», - деп атап өтті Ермұхамет Маралбек.

"Алашорда" партиясы мен Алаш қозғалысына қарсы болып, оның мүшелерін қуғындауға қатысқан Сәкен Сейфуллинге 1923 жылғы ақпанның 15-інде «Еңбекшіл қазақ» газетінде жарық көрген «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік»  мақаласынан кейін Мәскеу тарапынан «ұлтшыл» деген атақ жапсырылды. 1924 жылы қаңтарда Ленинді жерлеу рәсіміне қазақстандық делегацияны басқарып барған Сәкен Сейфуллин сол жылы қарашада халық комиссарлар советінің төрағасы қызметінен босатылды. Осы кезеңде бұрынғы большевиктердің өз ішінде билікке талас күшейіп, оған коммунистік партия қатарына кейін кірген «алашордалықтардың» ықпалы күрт өсті. 1938 жылғы ақпанның 25-іне ауған түні Алматыда совет билігінің үкімімен 39 адам бір демде атылды. Олардың 14-і Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов тәрізді советтік Қазақстан үкіметінің мүшелері болған.

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер