Тіліміз жұтылып барады деу – құр алаңдаушылық

1579
Adyrna.kz Telegram
фото: www.tilalemi.kz
фото: www.tilalemi.kz

Расында, алғашқы кезеңдегі қазақ тілінің ахуалын қазіргімен салыстыра алмаймыз. Себебі уақыт өткен сайын тіліміздің тұғыры беки түсуде. Ал тіліміз жұтылып барады деген құр алаңдаушылық бекер. Мұның барлығы елдегі жағдайды дұрыс бағамдай алмаудан туындап отыр. Әйтпесе, әлем халқы қазақ тіліне қызығушылық танытуда.

Мәселен, жақында алғашқылардың бірі болып, Ұлыбританияның әлемге әйгілі Oxford университеті өз студенттеріне қазақ тілін оқытуға ниетті екендіктерін жеткізді. Тіпті, дайындық басталып та кеткен. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты осы жобамен тығыз айналысып жатқан көрінеді. Сәтін салса, алда университет оқытушылары да қазақ тілінде оқитынға ұқсайды. Оқу орнында 26 мың студент оқиды. Олар қазақ тілінен өзге тағы 11 тілде білім алады екен. Мұның өзі қазақ тіліне деген сұраныс бар екенін дәлелдейді. Жалпы кез келген тілдің өміршеңдігі оның қолданыс кеңдігіне байланысты. Қысқасы қазақ тілі төңірегінде әрдайым оң көзқараста болған жөн.

Тіліміздің тірілігі оның жетістіктерінен көрінеді. Толықтай тізбелесек те болады. Өткен жылы алпауыт Apple компаниясы өзінің әлемге кең таралған IOS жүйесіне қазақ тілін енгізді, әлем балалары тапжылмай қарайтын Nickelodeоn телеарнасы да қазақша сөйлей бастаған, National geographic журналын айтпасақ та белгілі, алты жылдан асты қазақ тіліндегі сандары жарық көруде. Ал енді тіл саласындағы жаңашылдықтар мен реформаларға келетін болсақ, ауыз толтырып айтарлықтай. Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана «қазақ тілін» ғылым мен техника тіліне айналдыру туралы тікелей тапсырма берген болатын.

Бұл ретте қазақ тілін жасанды интеллектінің тіліне айналдыру мақсаты да тұр. Қазірге бұл межеге жақындап қалған сияқтымыз. Өйткені бұған дейін «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай Speech Labкомпаниясымен келісімге келіп, осындай қуанышты жаңалықпен бөліскен болатын. Оған қуанатындай себеп бар. Демек, келешекте «Siri», «Alisa» сынды танымал жүйелер қазақ тілінде сөйлейді деген сөз.

Осы орайда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мына бір сөзінің маңыздылығы көрінеді. Ол «Қазақ тілі – тірі қалу үшін жасанды интеллектінің тіліне айналуы керек» деген болатын. Шын мәнінде де солай Tencent, Google, Meta, OpenAI, Microsoft сияқты компаниялар қазақ тіліне қарай көңіл бөлсе, бұдан асқар жетістік жоқ шығар. Қазіргі таңда тіл саясатын дамытудың жеті жылдық жоспары әзірленіп жатыр. Міне, жоғарыда аталғандардың бәрі осыған негіз бола алады.

Оның үстіне мектепте орыс тілінде оқитындар 9-сыныптан кейін қазақ тілінде тест тапсыруға міндеттелді. Бұл тіл саласындағы ең негізгі реформалардың бірі деуге болады. Бұдан шенеуніктер де шет қалмайды. Министрлер мен әкімдер олардың орынбасарлары қазақ тілін білуге міндеттеледі.

Бұқаралық ақпарат құралдарының 70 пайызы қазақ тілінде хабар таратады. Қазақстан халқының 80 пайызы қазақ тілін меңгерген. Міне, сондықтан алаңдауға негіз жоқ шығар. Жастарымыз жарыса қазақ тілінде сөйлей бастады. Қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері жетерлік. Бұл қазақ тілінің өрісі кең қолданыла бастады дегенді білдіреді. Анығын айтсақ, тілді төңірегіндегі теріс түсініктер құрдымға кетіреді. Сол себептен қазақ тілі жайлы айтылғанда түрегеліп тыңдайтындай деңгейге жетуіміз керек. Неше тіл білсек те, ана тіліміз алғашқы орында тұруы тиіс.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер