Салауатты білім беру саясатынсыз елдің экономикалық дамуын жүйелеу мүмкін емес

1409
Adyrna.kz Telegram

Білім беру саясаты – ұлттық экономикамыздың негізгі тірегі ғана емес, әлеуметтік дамуымыздың, экономикалық серпіліс жасауымыздың қозғалтқыш күші. Жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетте маман даярлап, сапалы адами капиталды қалыптастыру қашан да білім беру саясатымен жүйеленіп отыруы тиіс. Байқағанымыздай, қазіргі жаңа ғылым алаңдарындағы зерттеулер мен түрлі бағыттардың болашағы технологиялық ерекшеліктен тығыз байланысты. Сол себептен де, мектеп бағдарламасы ұдайы жаңартылып, жоғарғы оқу орнындағы академиялық ұстанымдар да уақыт сарасында жетіліп отырғаны жөн.

Біздіңше, білім беру саясатын ілгерлетудің басты заңдылығы – жаратылыс құбылыстарын танудан алшақ кетпеу, жаһандық прогресті ұдайы назарда ұстап отыру және әлемдік жетістіктерді ұлттық салт-cанаға сай реформалау. Еуропа-орталықтанған білім жүйесінің ерекшеліктері және артықшылықтарымен санасып қана қоймай, ұлттық ғылыми орталықтарды көптеп құру. Негізінен алғанда, кез келген білім саясаты орталықтанған білім беру және зерттеу жүйесі негізде дамиды. Қазіргі уақытта Қазақстанда мұндай орталықтанған білім беру мен ғылымды дамыту орталықтарының аздығы жасырын емес. Мәселен, әлеуметтік салада қоғамдық пікірді зерттейтін дұрыс институт жоқ. Ғылыми зерттеу орталықтарында ұжымдық, арнайы қоғам мен экономикалық игіліктердің ақ-қарасын тануға бағытталған зерттеу тақырыптары толыққанды қарастырыла бермейді.

Негізінен алғанда, ұлттық білім беру саясаты – ұлттық экономиканы дамытудың басты факторы. Білім беру саясаты капиталистік қатынастарда экономика мен еңбек нарығының шарттарынан алшақ кетпеуі қажет. Еңбек нарығының шарттарына сай икемделуде білім саясатындағы басымдық:

  • сыни-сараптамалық ойлауды қалыптастыру мен дамыту;
  • технологиялық игіліктері меңгеруге бейімдік;
  • білім мен біліктің өндіріс және нарық қажеттілігіне сай дамуы;
  • білім технологиялары мен интеллектуалды ой-өрістің қатар дамып отыруы сынды бағыттарға берілуі тиіс.

Оқу бағдарламаларындағы нақтылыққа жат, сараптамалық зерттеулерден ада және талапкер танымын шабыттандырмайтын бірсыдырғы тапсырмалар мен тақырыптарды «айналымнан шығару» қазіргі кез келген мемлекет саясатына сүйенетін ұстаздың басты міндеті болып тұр. Себебі, өмір шындығы мен білім беру саласындағы «көркемдік шындық» пен «утопия» – екі бөлек әлем. Естеріңізде болса,  биыл премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет жанындағы отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті. Онда адами капиталды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Смайылов азаматтар мен бизнестің белсенді қатысуымен экономиканың нақты қажеттіліктеріне назар аудара отырып, білім беру жүйесін жетілдіру және жақсарту бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет екендігін баса айтқан-тұғын:

– Білім беру гранттарын және басқа да дамыту шараларын алдын ала қарастыру үшін еңбек нарығын зерттеуге және 5-7 жылдан кейін экономикаға қандай кадрлар қажет болатынын болжауға көңіл бөлу қажет. Бұл тек жоғары оқу орындарына ғана емес, колледждер мен басқа да білім беру ұйымдарына қатысты. Білім беру бағдарламалары нарық сұранысына сай болуы тиіс, – деді Әлихан Смайылов.

Расында да, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та маман даярлаудағы кем-кетікті тізіп айтып, білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы байланыстың қабыспай қалып жататынын ескертіп жүр. Мұндай олқылық салдарынан ЖОО-ны табысты аяқтаған әрбір төртінші еңбек адамының жұмыссыз жүргені жайлы деректерді жоққа шығара алмаймыз. Меніңше, салауатты, толыққанды білім беру саясаты жүйеленбей ұлттық экономикамыздың көсегесі көгермейді.

Пікірлер