Өзбекстаннан соң Қазақстан да Палестинаға қаржылай көмек беретінін жариялады

1889
Adyrna.kz Telegram
Сурет: rtvi.com
Сурет: rtvi.com

Қазақстан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде көмек береді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммитінде айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Президент қазір айналамызда күрделі ахуал қалыптасып отырғанын атап өтті.

«Солтүстікте Ресей мен Украина, Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасында қанды қақтығыс болып жатыр. Ауғанстанның жағдайы да тұрақсыз. Батыста заңсыз көші-қон мәселесі ушығып тұр. Бүгінде Газа Секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар және қарттар жанжал азабын шегуде. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Осы орайда, Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым»,—деді ол.

Мемлекет басшысының пікірінше, ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс емес.

«Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез-келген жанжалды бейбіт келіс-сөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық. Халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын мүлтіксіз орындау маңызды»,—деп толықтырды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан алдын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Палестина елін ашық түрде қолдайтынын мәлімдеп, Газа секторына гуманитарлық көмек ретінде 1,5 млн доллар қаржы бөлуге шешім қабылдағанын жариялаған.

Пікірлер