Әлемдік хит әуелеген күн

540
Adyrna.kz Telegram

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Оркестр түні» жобасын ұйымдастырды. Алғаш рет 2019 жылы «Оркестр түні: Әлемдік хиттер» атауымен тұсауы кесілген жоба биыл Құрманғазы оркестрінің 90 маусымы және 90 жылдық мерейтойы аясында өткізілді. Ұлттық оркестрдің «Оркестр түні» жобасы – еліміздегі қазақ оркестрлерінің арасындағы алғашқы жоба.

Кеште өнерсүйер қауым үшін әлемнің ең үздік шығармалары орындалды. Құрманғазы оркестрі классикалық және қазақ күйлерінен жинақталған туындыларды орындау арқылы әлемдік мәдениеттің игі дәстүрлерін сақтауға тырысады.

Құрманғазы оркестрінің көп күттірген «Оркестр түні» жобасы биыл да жоғары деңгейде өтуде. Екі күнге созылатын айрықша кеште ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Нұржігіт, «Алашұлы» тобы, «Қазақстан дауысы» жобасының қатысушысы, көрермен көз айымына айналған Толғанай Пазылақын және Мәдениет саласының үздігі Әсел Әлімбаева, Халықаралық конкурстардың лауреаты Ажар Еркебұланова және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттік үрмелі аспаптар оркестрі өнер көрсетті.

Сапалы кәсіби музыканы халыққа қол жетімді ету арқылы қайталанбас музыкалық бағдарламалар ұсынуды басты мақсат тұтатын Құрманғазы оркестрі көрермен қауымға жаңа жобаларды ұсынуда. Қазақ оркестрлерінің арасында алғаш рет Құрманғазы оркестрінің ұйымдастыруымен бастау алған бұл жоба осының айқын айғағы. Бүгінгі концертте орындалған әр туынды – әлемдік шығармалардың ішіндегі шоқтығы биік туынды деуге болады.

«Оркестр түні» жобасының екінші бөлімі 3 қараша күні сағат 21.00-де өтеді.

Пікірлер