Жамбыл облысында бір мектептің 33 оқушысы мен екі мұғалімі астан уланды

1879
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысында мектеп оқушыларының жаппай улануы орын алды, - деп хабарлайды "Адырна" тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, Сарыкемер ауылындағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы тарапынан әлсіздік және құсуға қатысты бірінші шағым қарашаның 7-сі күні түстен кейін тіркелген. Республикалық және облыстық мамандардан: анестезиологтар, педиатрлар, токсикологтар, инфекционист мамандардан комиссия құрылды.

"Сағат 23:00-ге дейін өтініш білдіргендердің жалпы саны 46 адамды құрады (оның ішінде 2 мұғалім, 44 бала). 46 адамның 35-і ауруханаға жатқызылды, жағдайы орташа, тұрақты. Ауруханаға жатқызылғандарға детоксикация терапиясы жүргізілді. 13 адам дәрігерлік кеңес алғаннан кейін амбулаторлық емдеуге және бақылауға жіберілді, антибиотикалық терапия қажет емес», - делінген хабарламада.

Жалпы тәжірибе дәрігерлері, педиатр, учаскелік медбикеден тұратын 16 мобильді топ ұйымдастырылып, сол күні осы білім ошағындағы асханаға келген 205 оқушының үйді-үйін аралау жүргізілді. Аталған балаларды тексеру қорытындысы бойынша олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, шағымдары мен белгілері тіркелмеді.

"Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының мектеп тамағына жауапты жеке кәсіпкер Тоқсейітовтің жұмысы мән-жай анықталғанша тоқтатылды. Мектеп қоршалып, бактериологиялық зерттеу жүргізілуде", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Пікірлер